KZ
Өскемен
+32°
ясно жел 5 м/с, С
473.95 513.38 5.5

Париж-2024: Жеңіл атлеттерден жеңіс күтеміз

Фото: ortcom.kz

11.07.2024, 12:27 149 Серік Әбілхан

Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан ел намысын жеті спортшы қорғайды. Оның бесеуі – Шығыс Қазақстан облысының өкілі.

Төрткүл дүние жұрты тағатсыздана күткен төртжылдық додасы басталуға жақын. Париж Олимпиадасында ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен сынға түседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қатысқалы отырған сегізінші Олимпиада бұл. Осыған дейінгі ойындармен салыстырып қарасақ бұл жолы ұлттық құрама қоржынында лицензия саны азырақ. Дегенмен отандық спорт мамандары саннан гөрі сапа маңызды дейді.

Айта кетейік, Олимпиада жолдамасы негізінен Әлем біріншіліктері мен құрлықтық, әлемдік деңгейдегі іріктеу турнирлерінде беріледі, сондай-ақ әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша да лицензияға ие болу мүмкіндігі бар.

Бұған дейін жазылғандай, ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама сапында 80 спортшы барады десек, оның 9-ы Шығыс Қазақстан облысынан. Бағы жанған осы тоғыздың бесеуі жеңіл атлетикадан өнер көрсетеді. Олар:  

  1. Нора Джеруто – 3000 метрге кедергімен жүгіру;
  2. Дейзи Джепкемей – 3000 метрге кедергімен жүгіру, 10 км жүгіру.
  3. Жанна Мамажанова – марафон;
  4. Надежда Дубовицкая – биікке секіру;
  5. Елизавета Матвеева – биікке секіру;

Осы ретте допинг дауына іліккен жеңіл атлет Нора Джерутоның толық ақталғанын айта кету керек. Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, бұл дауға қатысты сот шешімі биылғы 25 маусымда шыққан.

«Спорт арбитраждық сотының (CAS) шешімімен 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джеруто толығымен ақталды. 2024 жылғы 25 маусымда халықаралық арбитраждық сот шешім шығарды: World Athletics-тың 2023 жылғы 24 қарашада World Athletics Тәртіптік трибуналының 2023 жылғы 27 қазандағы спортшы Нора Джерутоның допинг қолданды деген күдікке байланысты шешіміне берген апелляциясы қабылданбады. Осылайша, Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының спортшысы күдіктен толығымен арылды», делінген хабарламада.

Естеріңізге болса, Нора Джеруто 2022 жылы Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан қоржынына тұңғыш алтын медальді салған болатын. Алайда 2023 жылдың көктемінде оған допинг қолданды деген айып тағылып, бір маусым бойы спорттан шеттетілген еді. Алайда халықаралық арбитраждық сот биылғы 25 маусымда шешім шығарып, Нора Джерутоны ақтады. Спортшы ешқандай да допинг қолданбаған, ал оның ағзасындағы өзгерістер коронавирустың әсерінен болған.

Сөйтіп допинг дауынан арылған Нора Джеруто араға біраз уақыт салып жарыс жолына қайта оралды. Оралды да, олжа салды. АҚШ-та өткен USATF Los Angeles Grand Prix бәсекесінде қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығалады. Енді желаяқ қыздың жанкүйерлері одан Олимпиаданың жүлдесін күтеді.

Нора Джеруто 1995 жылы 10 ақпанда Кения елінде дүниеге келген. 2017 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2022 жылы азаматтық алды. Содан бері ресми түрде біздің елдің атынан дүбірлі жарыстарға қатысып жүр және Өскеменнің «Altay Athletics» клубының атынан өнер көрсетеді.

2022 жылдан бергі спорттық мәнсабында ол Қазақстан чемпионатында, Қазақстан Республикасының кубогі жарысында жүлделі орындарды жеңіп алған. АҚШ-та өткен Әлем біріншілігінде топ жарып, алтын медальға ие болға. Сонымен қатар тегі кениялық желаяқ қыз Азия біріншілігінде де жақсы өнер көрсеткен. Ендігі меже – Олимпиада жүлдесі! Желаяқ қыздан жанкүйерлері жеңіс күтеді.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив