KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Париж-2024: Ең жас спортшымыздан зор үміт күтеміз

Фото: kazgazeta.kz

11.07.2024, 18:10 97 Ержан Әбіш

Төртжылдықтың басты додасы саналатын олимпиада ойындарына да аз уақыт қалды. Батырхан Төлеуғали – Қазақстан құрамындағы олимпиада жолдамасын жеңіп алған ең жас спортшы. Ол небәрі 17 жасында таеквондодан лицензиялық турнирде топ жарып, Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Батырхан Төлеуғали Париж олимпиадасының жолдамасына биылғы наурызда Қытайдың Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирде қол жеткізген болатын. Ұлттық құрамадағы ең жас таеквондошы алғашқы жекпе-жегінде Акшай Худаны (Үндістан) айқын басымдықпен ұтып, ширек финалдан сүрінбей өткен. Шешуші айқаста Сауд Арабиясының өкілі Әли Мабрук әл-Мабруктан 2-0 есебімен басым түскен-ді.

– Шыны керек, жолдама жеңіп алатыныма сенімді болдым. Өйткені бапкерлермен, спарринг-серіктестермен жақсы дайындықтан өтіп, мықты бабымда болдым. Жекпе-жек барысында бапкерлердің қойған тактикасын толыққанды орындап шықтым. Сол себепті де қарсыластар аса қиындық тудырған жоқ. Олимпиадаға қатысу бала күнгі арманым болғандықтан, жолдаманы жеңіп алған сәтте ерекше қуандым. Мен ғана емес, бүкіл құрама бапкерлері, тіпті жанкүйерлердің де қатты қуанғанын көрдім. Ендігі мақсат – Париж олимпиадасында алтын алу, – дейді80 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін саңлақ.

Батырхан Абай облысындағы Аягөз ауданында дүниеге келген. Әкесі – әскери адам, анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ата-анасының жұмыс бабы бойынша Өскеменге көшіп келген. Осы жақта 8 жасынан бастап таеквондомен айналыса бастады. Кинодағы спорттық элементтерді қайталап, шпагатқа отырып, аяқпен тебуді өздігінен үйренген. Үйдегілер де қабілетін байқап, спортқа баули бастайды. Осылайша ол үшін таеквондо әлеміне жол ашылып, кәсіби тұрғыда айналысуға бел буды.

– Спортты серік еткен кез келген жеткіншектің арманы – биік тұғырдан көріну, елінің, туған жерінің атағын шығару. Өмірімді спортқа арнағаннан кейін мақсатыма жетуге барымды саламын. Спорттағы жолдың қаншалық қиын екенін білсем де, жарты жолдан сынып қалмауға тырысамын. Таеквондомен айналысқалы алдыма осындай мақсат қойдым. Ең басты арман-мақсатым олимпиада ойындарында өнер көрсету еді. Шүкір, бұл күнге де жеттік. Алғашқы қадам жасалды. Енді олимпиада алтынын жеңіп алу үшін еңбектенемін, – дейді Батырхан «Ақ желкен» журналына берген сұхбатында.

Қазақта «Жалғыздың үні шықпас» деген жақсы сөз бар. Осы уақытқа дейін Батырханның жеткен жетістігінің артында тұрған адам көп. Әуелі ата-анасының, алғашқы бапкерінің, Өскемендегі спарринг-серіктестерінің және ұлттық құрама спортшыларының, бас бапкер Нұрсұлтан Мамайдың қосқан үлесі орасан зор. Алдымен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, көзге түсті. Содан соң Қазақстан спартакиадасында топ жарған соң, ересектер арасында Түркістанда өткен оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Ересектер арасында Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі турнирлерге қатысып, «Фуджейра оупен» додасында қола жүлдегер атанса, Түркияда жергілікті спортшыға есе жіберді. Испанияда өткен оқу-жаттығу жиынында 12 қарсыласпен спаррингтік кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның үлкен спорттағы даңғылы енді басталып жатыр. Тәжірибесі әлі де аз, бірақ шеберлігін арттыруға бар күшін салып жүр. Енді олимпиада қарсаңында дайындықты одан әрі үдеткен. Париж төрінде жанкүйерді жерге қаратпауға тырыспақ. Жолдамаға қол жеткізген соң тіптен жігерленіп кеткенін айтады.

– Еліміздегі мықты бәсекелестіктің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын. Салмағымда мықты спортшылар өте көп. Кез келгені – мықты жекпе-жек көрсететін қарсыластар. Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай – спортта бой түзейтін ағаларымыз, әрі мықты спортшылар. Бұл кісілер аса ауыр салмақта, яғни 87 келіде өнер көрсететіндіктен, спарринг жасап көрген емеспін, – дейді жас спортшы.

Батырхан Төлеуғали Максим Храмцов, Салех әл-Шарабати, Сейф Ейсса сынды Токио олимпиадасының жүлдегерлерімен бір салмақта сынға түспек. Ересектер қатарына енді ғана қосылғандықтан, Батырхан олармен әлі кездескен емес.

– Иә, олар – өте мықты, еңбекқор, тәжірибелі спортшылар. Париж олимпиадасындағы басты қарсыластар ретінде осыларды қарастыруға болады. Негізінен өзім алдыңғы аяқпен соққы жасағанды ұнатамын. Бойымның ұзындығы да бар. Бірақ мұнда бой аса көп рөл ойнамайды. Жекпе-жекте шеберлігің мен жігерің жеңіске жетелейді. Сондықтан шеберлігімді шыңдап, жігерімді жанып, кез келгенін жеңуге дайындаламын, – дейді өскемендік таеквондошы.

Батырхан қазір Олимпиада ойындарына дайындалуда, оқу-жаттығу жиындары шетелде өтіп жатыр. Спортшының Парижде үздіктер қатарынан көрінуге әлеуеті де, тәжірибесі де жетеді. Біз жерлесіміздің жеңіс тұғырынан көрінетініме сенімдіміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив