ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жас шекара офицерлерімен кездесті
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің жас офицерлерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. Жиынға Алматы қаласындағы ҰҚК Шекара академиясын және Ресейдегі әскери оқу орындарын бітіріп келген қырық шақты жас офицер шақырылды.
Өңір басшысы жас офицерлерге шекарашы мамандығының қаншалық абыройлы екеніне тоқталып, алдағы уақытта Шекара қызметінің білікті офицері атанып, еліміздің, мемлекеттік шекарамыздың сенімді күзетілуіне зор үлес қосатындарына сенім артатынын айтты, өзінің жылы лебізін білдірді. Шығыс жерінде алғашқы қызметтік жолын бастағалы отырған жас офицерлерге сәттілік тіледі.
ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаменті кадрлар бөлімінің офицері лейтенант Айжан Жағыпарова тоғыз жыл әскери салада қызмет етіп жүргенін айтып, Әлия мен Мәншүк сынды қаһарман арулардың жолын жалғап келе жатқан сіңлілері туған жердің шекарасын күзетуге әзір екенін жеткізді.
Осы ретте аймақ басшысы шекаралық аудандардың халқы да ел шебін қорғау ісіне өлшеусіз үлес қосып жүргендерін айтып, жаңадан құрылған Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай сынды шекаралас аудандарда халық санын көбейту, елдің әл-ауқатын арттыру бағытында үлкен жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті.
Ресейлік жоғарғы әскери оқу орнының түлегі, лейтенант Ескендір Батқалов бірер күннен кейін өз қызметтеріне кірісітендерін, шекараны күзетуге, елімізді дамытуға өз үлестерін қосуға әзірліктерін жеткізді.
ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің бастығы, полковник Серік Рахимовтың айтуынша, Ермек Беделбайұлы биыл ақпанда ТМД елдері аумағындағы ең көне шекара құрылымдарының бірі Зайсан шекара басқармасының 100 жылдық мерейтойын өткізуге қол ұшын созып, үлкен көмек көрсеткен. Сонымен қатар аймақ басшысы шекарашылармен көптеген жұмыстар жүргізіп келеді, жалпы шекарадағы әскери қызметшілер мен жергілікті халықтың етене байланыста қызмет етуіне әрдайым қолдау көрсетіп тұрады.
Кездесу соңында облыс әкімінің жас лейтенаттарға арнаған үндеу парағы табысталды. Жиналғандар естелік фотосуретке түсті.
Фото: Махаббат Ахметжанова