KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 3 м/с, З
477.62 527.67 5.25

Бір ауыл – бір өнім: кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды

17.08.2024, 12:03 152 Ержан Әбіш

Бүгін Өскемендегі «Гостиный двор» сауда орталығының алаңында жыл сайынғы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, өңірлік брендтерді шығару, кәсіпкерлер өнімдерінің нарқын кеңейту және оларды экспорттау.

Бүгін өңіріміздің 30-ға жуық бизнес өкілі өз өнімдерін ұсынды. Атап айтсақ, ет, сүт, бал өнімдері, шөпшай, зергерлік заттар, киіз бұйымдары, қолдан жасалған сабын, керамика, киім-кешек, газдалған сусын және тағы басқа тауарлар көпшілікке сатылды.

– Бүгін жергілікті тауар өндірушілердің дәстүрлі көрмесіне айналған «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесі өз жұмысын бастап отыр. Көрмеге облыс өндірушілерінің өнімдері ұсынылған. Бұл көрме – тауар өндірушілердің жетістіктерімен танысудың, олардың өнімдерін сатып алудың, іскерлік байланыстар орнатудың бірегей мүмкіндігі, ­– деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Шығыс Қазақстан табиғатының сұлулығымен ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерімен және бірегей қолөнершілерімен де танымал. Былтырға қарағанда осы жылы көрмеде өнімдердің түрлері көбейе түсті дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар биыл көрме-жәрмеңкеге жиналған жұртшылықтың қарасы да көп.

Мәселен, Ұлан ауданынан келген Гүлнұр Әлімқан құрттың алуан түрін ұсынып отыр. Түрлі жеміс-жидек қосылған бұл өнімдер табиғи әрі пайдалы болып саналады. Ал Эльмира Томағанова қазақи стильде киім тігумен айналысады. Талғаммен тігілген өнімдеріне сұраныс жоғары. Риддерлік Жан Тауханбаев өз бақшасында қияр мен қызанақ өсіріп, оларды тұздаумен шұғылданып келеді екен. Консервіленген қиярларды жиналған көпшілік көптеп алып жатты. Себебі дүкендегі ресейлік, белорустық өнімдерден екі есеге арзан әрі экологиялық тұрғыдан таза.

Тауарлардың әлеуетін бағалаған арнайы комиссия үздік он өнімді іріктеп, бренд-комитеттің қарауына ұсынады. Жеңімпаздар анықталған соң ШҚО Кәсіпкерлер палатасы оларға маркетингтік қолдау көрсетіп, тауарлық белгі, логотип әзірлеуге, өнімді өткізу мақсатында дүкендермен, халықаралық сауда алаңдарының өкілдерімен келісім жасасуға көмектеседі.

Сондай-ақ финалистер электронды сауда-саттық, өнімді сертификаттау, штрих-код алу, өнідіріс технологиясы, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша оқытудан өтеді.

Шығыстың жеңімпаздары республикалық конкурста да жүлделі орындардан көрініп жүр. Жоба финалистері 5 миллион теңге көлемінде грант иегері бола алады. Былтыр «Лесное» жеке кәсіпкерлігі грант алған. Биылғы финалистер де грант алу конкурсына қатыса алады.

Өткен жылы көрме шарты бойынша үш бизнес-жоба үздік деп танылған болатын. Олар ­– жабайы өсімдіктерден түрлі косметикалық өнім шығаратын «Вита Лето» ЖК, шөп шайлар мен жемістен түрлі тәттілер өндіретін «Мята Herbal Tea» ЖК және бал өнімдерін шығаратын «Лесное» ЖК.

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив