KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Ұлттық ұлан сарбаздары Ата Заңды қорғанындай көреді

30.08.2024, 18:00 146 Назерке Каримова

Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.

Ол  заңның  барлық  тілдердегі  мойындалған  атауы – Конституция. Бұл орайда еліміз  1995 жылы  өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

Осы орайда,  Ата заң құрдастары да бүгінгі таңда орда бұзар отыз жасқа табан тіреді. Олардың бірі Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің  маманы аға сержант Тасқын Ниязханов. Абай облысы Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген ол 2014 жылы маусым айында  Ұлттық ұланның Астана қаласындағы  №6636  әскери  бөлімінде әскери борышын өтейді. 2016  жылдан  бастап  «Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінде әскери жасақ бастығы  болып қызметін бастап,  бөлімше командирі, сосын взвод сержанты, ал  қазіргі уақытта әскери бөлімдегі арнайы қоймаларды күзету және қамтамасыз ету взводында бөлімше командирі  қарауыл бастығы  лауазымында абыройлы қызмет етіп жүр.

- Қарауылдық қызмет  – Ұлттық  ұлан жауынгерлеріне  қойылатын басты міндеттердің бірі һәм бірегейі. Ол жеке кұрамның жарғылық міндеттерін бұлтартпай орындауын, сондай-ақ қырандай қырағылық пен   шыдамдылыққа баулиды. Сондықтан болар, ротадағы  қарауылдық  қызметке шығар әрбір сарбаз күзетші өз міндетін бес саусақтай  жетік меңгерген. Сақшының құқығын  зердесіне  тоқып  алған  олар  өздеріне  бекітілген тиісті аймақты  тыңғылықты түрде күзетеді, - дейді аға сержант Тасқын Ниязханов.  


Қазіргі таңда жас жауынгерлерге жол сілтер қарауыл бастығының жауынгерлік қызметте тауаны қайтып, тауы шағылып көрмеген. Бақайшағына дейін жауынгерлік рухпен қаруланған Тасқын басшылық құрамның алғысына мереке сайын бөленіп келеді. Аға сержанттың үздік атануына сүйген жарының танытқан қолдауы зор серпін береді. Әскери бөлімнің асханасында  танысқан қос ғашық 2020 жылы шаңырақ көтереді.  Бүгінде ұл мен қыз өсіріп отырған бақытты отбасының  қағанағы қарық.  Қарауыл бастығы бейбіт күн астындағы шуақты күндерді  Ата  заңға балайды.

 

- Батырлар жырында «Садақкердің белгісі, Тоғыз қабат ақ сауыт, Тоқсан торлы аймауыт, Үскідей өтіп тескені» деген тіркес бар. Мұндағы аймауыт сөзінің мағынасы жауынгерлердің ұрысқа шығарда оқ өтпеуі, қылыш жүзі батпауы үшін үстіне киетін сауыты дегенге саяды. Мен де Ата заңды қорғанымдай яғни, аймауыттай көремін. Ата заңды айбыныма, аймауытыма теңеймін. Өйткені заң ережелері  кез келген жағдайда өз құқығыңды қорғап, аларсамас еңсемді тік ұстап жүруге мүмкіндік береді. Ата заң күні құтты болсын! Жылдан жылға егемендіктің тұғырына айналған құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-құт пен ынтымақ тілеймін. Келешегіміз кемел болсын! - дейді аға сержант Тасқын Ниязханов. 


№5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Сергей Данилков Ата заңның айбынын асқақтату жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді. 

-  Заңға бағынбай, дарақы әдетке салып, қоғам тыныштығын бұзатындармен  күресте  абыройлы  атану  -  менің мақсатым, -  дейді қатардағы жауынгер. -Бұл мақсаттың бастау көзі - семсер  сүйіп серт беріп,  ел алдында  ант қабылдаудан басталды.  Яғни, мен Отан алдындағы борышымды атқаруда өзіме жүктелген міндеттерді  бұлжытпай орындауға тиістімін. Ал қоғам тыныштығын күзетуде  қырандай қырағылық  танытқан  менің құқығым - Ата заңмен қорғалады. Өйткені конституция - ол еліміздің өркендеп дамуына  кері әсерін тигізіп, ел азаматына қауіп туғызатын бұзақылардың болмауын көздейді. Себебі мемлекеттің  байлығы  - адам  және  оның өмірі. Яғни,  Ұлттық  ұлан  жауынгерлері де Ата заңның ең басты құндылығын құрметтеп, жауынгерлік жасақ тиісті аймақты жіті назарға алады. Ұлттық ұлан сапында  Павлодар қаласынан шақыртылған мен де жауынгерлік  жасақ  құрамында  мерзімді әскери борышымды өткеріп жатқаныма қуаныштымын. Менің ойымша, біреудің құқығын  жерге таптамақ болғандар заң аясында жазасын тартуы қажет. Бейбіт күннің аспанында күн кешкен қала тұрғындары  Ұлттық  ұлан  жауынгерлері барда әрқашан бейқам өмір сүруде. Мен  Ата заңның айбынын асыруда  аянбай  қызмет етуге әрдайым даярмын.  


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу