KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
525.11 546.74 4.88

«Ұрпақтар сабақтастығы – тәрбие негізі»: ардагерлер жастармен кездесті

6.09.2024, 15:30 136 Ержан Әбіш

Осыдан отыз жыл бұрын, 1994 жылдың тамыз айында Герман Демократиялық Республикасынан соңғы совет сарбазы шығарылған еді. Осы тарихи оқиғаға орай бүгін Өскеменде ерекше іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемендегі Достық үйінде өткен «Ұрпақтар сабақтастығы – тәрбие негізі» атты диалог алаңын «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан филиалы мен облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

– 1994 жылы 31 тамызда КСРО-ның соңғы сарбазы Германия жерінен шықты. Биыл осы оқиғаның отыз жылдығын атап өтудеміз. Біздің басты мақсатымыз – жастарға патриоттық тәрбие беру. Қазір кейбір жастар әскерге барғысы келмейді, қашқақтайды. Әскерде де түрлі қиындықтар болып жатыр. Біз өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтеуге үйретеміз. Шынын айту керек, қазір автобуста үлкендерге орын бермейтін жастарымыз да бар, өкінішке қарай. Барлық тәрбие отбасынан басталады. Дегенмен, біз де өз тарапымыздан жас буынның лайықты азамат болып өсуіне үлес қосып келеміз, – деді бірлестік филиалының төрағасы Ерік Ұлтарақов.

Жиынға осы ұйымның ардагерлері көптеп жиналды. Олар әскер қатарында қызмет еткен жылдарын еске алып, жастарға ақыл-кеңестерін берді.

– Елге, халыққа қызмет етуден қашпаңыздар. Адамның еңбегі ешқашан бағаланбай қалмайды. Өзім қырық жылдай балаларды спортқа баулуға, оларды тәрбиелеуге үлес қостым. Сол еңбегім бүгінде өз нәтижесін беріп отыр, марапаттан кенде емеспін, – деді жиынға қатысқан ардагер спортшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атбегі Жұмабек Жәпішев.

Қырғиқабақ соғыс кезінде Кубада әскери қызмет атқарған Жеңіс Қинаятовтың әңгімесін жастар қызыға тыңдады.

– Әскери қызметімді Калининград облысында атқарып жүргенмін. Бір күні бізді кемемен алып кетті. Қайда баратынымызды айтпады. Балтық теңізінен өтіп, Ла-Манш бұғазын кесіп, Атлант мұхитына шықтық. Соңында Куба аралына барып тоқтадық. Сол жерде екі жыл байланысшы болып қызмет еттім. Аралды толық аралап шықтық. Әйгілі революционер Фидель Кастроны көрдім, – деді басшылық қызметтерде жұмыс істеген тарбағатайлық ақсақал.

Кездесуге қатысқан жастар ардагерлердің әсерлі әңгімелерінен кейін әскери қызметке деген қызығушылықтарының артқанын айтты.

– Шынын айтсақ, біз аға буынның әскери қызметтері туралы аз білеміз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де әлемнің әртүрлі аймақтарында қарулы қақтығыстар болғанын, оларға қатысқан адамдардың арамызда жүргенін алғаш рет біліп отырмыз. Олардың бастан кешкен оқиғаларын өз ауыздарынан есту бізге ерекше әсер қалдырды, – деді студент Жанболат Сұлтанғазыұлы.

Фото: Нәбия Ақиқат

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу