KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, СШ
478.96 533.03 5.22

Жедел жәрдем шақыру мәселесі катонқарағайлықтарды да толғандырады

6.09.2024, 22:34 95 Нұржан Кенжеұлы

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердің халқы үшін үйге жедел жәрдем шақырудың өзі мұң.

Бүгін облыс әкімінің Катонқарағай ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында осы мәселе де көтерілді.

- Бұл тек ауылға емес, қалаға да қатысты проблема. Барлық шақыртулар бірінші орталыққа түседі. Тек содан кейін жергілікті жерлерге хабар беріледі. Мұның өзі біраз уақыт алады. Ал науқас үшін әр секунд маңызды. Сондықтан біз бұл мәселені реттеу жағын ойластыруымыз керек. Облыстық денсаулық сақтау мен цифрландыру басқармаларына бір айдың ішінде бұл жөнінде нақты ұсыныс беруді тапсырамын, - деді облыс әкімі кездесу барысында.

Аймақ басшысының айтуы бойынша, денсаулық сақтау саласында базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылатын болады.

Былтыр облыста ауылдағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 17 медициналық пункт ашылса, биыл тағы 19 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішіндегі біреуі осы Катонқарай ауданының Барлық ауылында орналасқан екен. Сонымен қатар Катонқарағай ауылындағы аурухана жабдықталғанын айту керек.

Облыс әкімі Катонқарағай ауданының басшылығына медицина кадрларының тапшылығын жою жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Айта кетейік, қазіргі уақытта ауданда рентгенолог, акушер-гинеколог, психиатор-нарколог, хирург, ультрадыбыстық зерттеу маманы сияқты дәрігерлер тапшы екен.

Сонымен бірге облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасы басшылығына ауданның денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп, кредиторлық берешекті өтеу мақсатында қаржылық сауықтырудың дағдарысқа қарсы жоспарын бекіту жөнінде тапсырма берді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив