Бюджетке 238 миллион теңге қайтарылды
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында 2021 жылы жүргізілген аудитті қорытындылады. Аудит нәтижесінде бұзушылыққа жол берген «Көркем-Телеком» ЖШС мемлекет кірісіне 238 млн теңге қайтарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сол кезде аудит «Өскемен қаласында фотовидеофиксация және бейнеаналитика жүйесін құру және пайдалану» мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасының бизнес-жоспарындағы негізсіз есептеуді әшкереледі. Бұл бұзушылық жобаның құнын асыра бағалауға және соның салдарынан негізсіз шығындарды төлеуге әкеп соқтырған. Аталмыш басқарма сол кезде осы аудиттің қорытындыларына шағымданғанын да айта кеткен жөн.
Алайда соңғы үш жылға созылған сот процестерінің нәтижесінде сот департаменттің талаптарын толық қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдады.
Сот шешімі орындалып, ағымдағы жылы «Көркем-Телеком» ЖШС мемлекет кірісіне 238 млн теңге қайтарды.