ШҚО-да 238 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды
Шығыс Қазақстанда прокуратураның қадағалауымен 238 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.
ШҚО прокуратурасы «Сергек» жобасын іске асыру кезінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында аталған жоба аясында мемлекет «Көркем-Телеком» ЖШС-мен 7 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқанын анықтаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура мәлімдегендей, «Сергек» бағдарламасының әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының азаюына тигізетін оң әсерін ескеріп, тексеру барысында мемлекеттік қаражатты заңсыз төлеу фактілері анықталды, соның салдарынан жобаның құны негізсіз 238 млн теңгеге өскен.
Прокуратураның енгізілген қадағалау актісі негізінде ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы негізсіз төленген шығындарды өндіру туралы талап-арыз берді.
Сот шешімімен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылып, апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот актісін күшінде қалдырған.
Сот шешіміне сәйкес «Көркем-Телеком» ЖШС-нен 238 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.