Елді мекендерді абаттандыру: биыл ШҚО-да 244 жоба жүзеге асады
Фото: depositphotos.com
Биыл Шығыс Қазақстан облысында елді мекендерді абаттандыру аясында 5,5 млрд теңгеге 244 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 167 жоба аяқталды, бұл жалпы көлемнің – 68%-ы. Қалған 77 жоба жыл соңына дейін іске асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлімдеді.
Оның ішінде көшелерді жарықтандыруға 738,1 млн теңгеге 86 жоба, балалар және спорт алаңдарын салуға 1 122,2 млн теңгеге 81 жоба, аулалар мен көшелерді абаттандыруға 2 981,2 млн теңгеге 31 жоба, саябақтарды абаттандыруға 84,8 млн теңгеге 3 жоба, басқа жұмыстарға (шағын архитектуралық формалар, көгалдандыру, ескерткіштер және т.б.) 632,5 млн теңгеге 43 жоба қарастырылған.
Сондай-ақ 6 сәуірден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына облыс бойынша 539 мың адам қатысып, 6,5 мың техника жұмылдырылды. Осы уақыт аралығында 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш, 859 әлеуметтік нысан тазартылды. Сонымен қатар 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ және 370 км арық тазаланды. Елді мекендердегі 82 мың ауладан 29 мың тонна қоқыс шығарылды.
Облыстың елді мекендері мен орман қорына 75 мыңнан астам көшет отырғызылды. Экологиялық акцияны жалғастыру мақсатында «Таза бейсенбі», «Таза Аймақ» және «TazaLike» іс-шараларын өткізу жоспары бекітілді.
Ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап халық өтінімдерін қабылдау және өңдеу үшін арнайы телеграм бот іске қосылды. 2024 жылдың 2 қазанындағы жағдай бойынша, бұл платформа арқылы 196 өтінім келіп түсті, оның ішінде 182 өтінім орындалды, 14 өтінім орындалуда.