KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО-да «Шығыс салбурыны» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді

8.10.2024, 14:02 153 Ержан Әбіш

Қазан айының 10-14 аралығында Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіттөбе алаңында дәстүрлі халықаралық «Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалі өтеді. Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аталмыш шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын жандандырып, ұлттық спорт пен құндылықтарды дәріптеу арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға арналған. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың және «Республикалық Құсбегілік федерациясы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылады. 

- Шараның басты мақсаты – ұлттық спорт арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануды қолдау, сонымен қатар, «Құсбегілік» ұлттық спорт түрін және тазы жүгірту, асау үйрету өнерін кеңінен тарату болмақ,-деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. 

Биыл Қазақстан мен шет мемлекеттерден 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарлануда.
Қазақстан мен шетелден, атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Венгриядан қатысушылар шақырылып отыр. Барлығы 80 бүркіт, 30 сұңқар және 30 тазы жарысқа түседі деп күтілуде. 

Фестиваль қонақтары туризм және спорт министрлігі құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуған және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Республикалық «Құсбегілік» федерациясы Қоғамдық қорының вице-президенті Мүптекеқызы Бағдатхан аталған сайысқа өзі бас төреші болады, сонымен қатар бүкіл әлемге танымалы бүркітші қыз жерлесіміз Айшолпан Нұрғайыпқызы қатысады.

Фестиваль аясында екі күн бойы бүркітшілердің құстарды жемге, еркін және иесінің шақыруымен ұшыру сайыстары, жасанды қармақпен (шырға) қоян және түлкі аулау жарыстары өтеді. Сонымен қатар, жамбы ату, теңге ілу, тазы иттерінің жарысы және жабайы жылқыларды үйрету сынды ұлттық спорттық жарыстар өткізіледі.

Мәдени бөлімде 20-дан астам киіз үйде қазақ халқының дәстүрлі көрмелері ұйымдастырылып, қонақтар сырмақ жасау, кесте тігу, ұлттық тағам дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Атқа міну, садақ ату, бағалы сыйлықтармен лотерея және ыстық тамақ та фестиваль бағдарламасына еңгізілген. Шараның басты серіктестері: Jibek Joly телеарнасы, Qazsport спорт арнасы және Zhetysu TV телеарнасы.

«Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалі Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытуға және ұлттық мәдени мұраны әлемге танытуға үлкен үлес қосады.

 


 Ажар Мұратқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу