KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 3 м/с, З
487.37 532.94 5.09

Бала бүркітшілер «Шығыс салбурынына» дайын

10.10.2024, 17:00 99 Ержан Әбіш

Ұлан ауданындағы екі бүркітші бала халықаралық «Шығыс салбурыны» фестиваліне дайындалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұлан ауданында екі бірдей бала бүркітші тұрып жатыр. 5 жасар Нұрасыл мен 6 жасар Әбдурашид арғы аталарынан бері үзілмей жалғасып келе жатқан құсбегілік өнерді меңгеруде. Балдырған жастарына қарамастан, қос өрен құс баптап, аңшылыққа шығып жүр.   

«Маған құс баптау ұнайды. Былтыр «Шығыс салбурыны» фестиваліне бірінші рет қатысым. Мен құсты ұшыра аламын, шақыра аламын, ұстай аламын және осы құстармен аңшылыққа да шығамын», - дейді 2023 жылғы «Шығыс салбурыны» фестивалінің ең жас қатысушысы атанған Әбдурашид Мамырхан. 

Әбдурашидтің құс баптауды бастағанына екі жыл болды. Ал артынан ерген інісі бұл істі биыл ғана үйренуде. 

«Ағам сияқты құс баптағым келді. Менің құсымның аты – Лашын. Мен оны өзім күтіп-баптаймын. Бозанбайда өтетін «Шығыс салбурынына” қатысуға дайынмын», - дейді бала бүркітші Нұрасыл Бақытбек. 

Екі баланы құс баптауға баулып жүрген Бақытбек Манай олардың қызығушылығын, ержүректігін және қоғам дерті болған телефондарда телмірмей, далада құс салып жүруге әуес екендерін ерекше атап өтті. 

«Құс баптау - ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Әкемнің 5 баласы да құс ұстайды. Әбдурашид пен Нұрасыл менің шәкірттерім. Былтыр ағамның ұлы Әбдурашид «Шығыс салбурынына» қатысқан. Биыл міне өз ұлым Нұрасыл да құс баптап, бағын сынап көрмекші. Екеуінің де ұзақтан шақыру, ат үстінен шақыру, еркін ұшыру сияқты негізгі қабілеттері бар, жалпы құсбегілікті жақсы біледі. Биыл Бозанбайда өтетін жарыста өздерін жоғары деңгейде көрсетеді деген үміттеміз, - деді Бақытбек Манай.

 

Ақерке Рағызбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив