KZ
Өскемен
+1°
туман жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов: "Бюджет қаражатының толық игерілуіне мониторинг жүргізілуі тиіс"

30.10.2024, 11:00 91 Төлеуғазы Жансая

Биыл орталық мемлекеттік органдардың тиісті айға жоспарланған қаражатты уақтылы жібермеуі Шығыс Қазақстан облысындағы «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру барысында қиындық тудырған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова мәлім етті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

- Биылғы жылдың 1-ші қазанына дейін республикалық бюджеттен жоспар бойынша 3,3 миллиард теңге бөлінуі тиіс еді, ал іс жүзінде 2,9 миллиард теңге түсті, - деді Динара Жұманова.

Шығыс Қазақстан облысында «Ауылым - ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылдың 24 қазанындағы жағдай бойынша 89 жобаның 31-і аяқталған. Осылайша, бұл жоба бойынша Самар, Тарбағатай, Ұлан аудандарында бірқатар шаруа атқарылған. Қалған 58 жоба бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде 49 жоба жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.  Ал сегіз жоба келер жылы тапсырылмақ.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ағымдағы жылдың 20 желтоқсанына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 89 жобаға бөлінген қаражатты толық игеруді, құрылыс-монтаж жұмыстарының уақтылы және сапалы аяқталуын қадағалауды талап етті. 

- Келесі жылға жоспарланған «Ауыл – ел бесігі» жобалары бойынша қажетті құжаттаманы ағымдағы жылдың 15 қарашасына дейін уақтылы дайындау қажет. Сонымен қатар, осы жоба аясындағы конкурстық рәсімдерді келесі жылдың 3-ші ақпанына дейін дер кезінде өткізу қамтамасыз етілсін, - деді Нұрымбет Аманұлы.

Жиында аймақ басшысының бірінші орынбасары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық жоба  бойынша бюджет қаражатының толық игерілуіне мониторинг жүргізуді қаржы басқармасының басшысы Светлана Большаковаға тапсырып, осы бағыттағы жұмыстарды бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу