Облыс әкімі: "Көмек көрсетумен шектелмей, әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік жасау маңызды"
Мұндай орталықтар ерекше балалар мен олардың ата-аналарына үміт сыйлайды. Бүгін Өскемендегі «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барған облыс әкімі Ермек Көшербаев осылай деді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, аталмыш мекеме 2022 жылға дейін зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсетіп келген. Ал екі жыл бұрын мүгедектігі бар балаларды оңалтуға деген қажеттіліктің өскенін ескере отырып, нысанның мақсаты мен міндеттерін өзгерту жөнінде шешім қабылданған. Қазір аталмыш орталықта аутизм спектрі бұзылған және ақыл-ой кемістігі бар балаларға қажетті көмек көрсетілуде. Жоба «Қамқорлық» қорымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Белгілі болғандай, 2022 жылы Өскемен қаласының бюджеті есебінен ғимараттың төрт қабатына жалпы сомасы 166,4 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал «Қамқорлық» қоры арнайы жиһаздар мен жабдықтарды жеткізуге көмектескен. Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. Мұны орталықтың директоры Сәния Әубәкіровадан сұрап білдік. Оның айтуынша, 2022 жылы оқудан өткен мамандардың саны алтау ғана болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 65 адамға дейін жеткен. Олардың дені АВА терапевттері мен күндізгі бөлім мамандары екен.
Орталық директоры айтқандай, мұнда балалармен психолог, логопед, дефектолог, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция маманы, арт-терапевт, музыкалық жетекші, кәсіби терапевт, еңбек терапиясы бойынша нұсқаушы, массажист сияқты ондаған маман жұмыс істейді екен.
Орталықта, сондай-ақ жеке және топтық сабақтарға арналған кабинеттер жабдықталған, әр топтағы баланың саны алтаудан аспайды. Барлығы орталық қызметкерлерінің көмегіне 1 мен 18 жас аралығындағы 130 бала жүгініп, қажетті оңалтудан өтеді.
Сонымен бірге аймақ басшысы орталықта қажетті көмек алып жатқан балаларға иппотерапия қызметі де қолжетімді болуы керек екенін айтып, құзырлы органдарға бұл жөнінде тиісті тапсырма берді.
Нұржан Кенжеұлы