Қаламды қаруға айырбастаған күн: Шығыс өңірлік қолбасшылығы әскери өмірмен таныстырды
Өңірдің бір топ журналистері Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде сап түзеп, қала сыртындағы оқу-жаттығу алаңында болып қайтты. Тілшілер бір күн ішінде әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, түрлі қарудан оқ ату мүмкіндігіне ие болды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Таңертең 27943 әскери бөліміне жиналған журналистерге бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Азамат Ермашұлы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Жауынгерлік жағдайды ескеріп, тілшілерге тәртіпке бағынудың маңызды екені айтылды.
Журналистер әскери борышын өтеп жүрген сарбаздармен әңгімелесті. Олардың бірі – Абдалла Салих Сами әл-Том, Алматыда дүниеге келген араб ұлтының өкілі. Ол отбасымен Сауд Арабиясына қоныс аударып, кейін елге оралған. Абдалла қазақ тілін меңгеріп, қазақ елінің тыныштығын қорғап жүргенін мақтан тұтады.
Журналистердің бұл сапары әскери өмірдің қыр-сырын көріп, әскери қызметтің жауапкершілігін сезіну үшін ерекше мүмкіндік болды.
Ажар Сағатбекова