МӘМС қалай жұмыс істейді?
pexels.com
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – бұл Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған медициналық қызметтерді қаржыландырудың жаңа моделі. Осы жүйе арқылы азаматтар медициналық сақтандыруға жарна төлеп, медициналық қызметтердің кең спектріне қол жеткізе алады.
МӘМС жүйесі "бірлескен жауапкершілік" немесе қазақтың ежелгі "асар" дәстүрі негізінде құрылған. Бұл дәстүр бойынша әр адам қоғамның игілігі үшін үлес қосады, ал қажет болғанда сол игілікті пайдалана алады. Осылайша, МӘМС жүйесінде:
Мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар арнайы жарна төлейді.
Барлық қаражат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының "ортақ әмиянына" жиналады.
Жиналған қаражат медициналық ұйымдарға көрсеткен қызметтері үшін төленеді.
Көпшілік МӘМС-ті зейнетақы қорымен шатастырады, бірақ бұл жүйелердің жұмыс принципі мүлдем бөлек. Зейнетақы қорында жинақталған қаражат жеке есепте сақталса, МӘМС-те барлық жарна ортақ қорға түсіп, әрбір азаматтың қажеттілігіне сәйкес медициналық қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады.
Егер сіз жарна төлесеңіз, бүгін сол қаражат сіздің еміңізге жұмсалуы мүмкін. Ертең сол қордағы қаражат сіздің жақыныңызға, досыңызға немесе көршіңізге қажет медициналық қызметті төлеуге бағытталады. Бұл "ортақ қолдау" қағидасы жүйенің негізін құрайды.
Егер сіз ешқашан медициналық көмек алмасаңыз да, жарнаңызды қайтарып алу немесе басқа адамға беру мүмкін емес. Себебі МӘМС жүйесі "бір әлеуметтік әмиян" қағидасы бойынша жұмыс істейді.
МӘМС – бұл Қазақстан азаматтарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жүйе. Оның жұмыс принципі халықтың ынтымақтастығы мен өзара қолдауына негізделген. Сондықтан МӘМС-ке қатысу – әрбір қазақстандықтың денсаулығы мен елдің медициналық жүйесін нығайтуға қосқан үлесі.