ШҚО-да жас ақынның шығармашылық кеші өтті
Өскемендегі А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өлең өлкесіне енді қадам басқан жас ақын Медет Есімжановтың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Кешке қаладағы жырқұмар жандар, студенттер қауымы, ақынның достары мен туыстары қатысып жылы лебіздерін жеткізді.
Кеш барысында ақын өзінің әр жылдары, түрлі тақырыптарға жазған өлеңдерін оқып берді.
Жыр кешіне жиналған жұртшылық Медет ақынның өнердегі достары Айдын Алдарханов пен сазгер Серік Бабахановтың, сондай-ақ, сегіз жасар Жантөре Ерланұлының салған әндеріне, қарындасы, ақын Лашын Жәрдембекқызының оқыған өлеңіне дуылдата қол соқты.
Кеш соңында шараға әр тараптан келген Мұратхан, Алтынбек, Болат, Нұржанат сынды елге танымал ақын достары кеш иесіне деген ақ тілектерін жеткізіп, өлеңдерін оқып берді.
Ақындарына қолдау білдіре келгендерге ризашылығын білдірген кеш иесі: «Мен бірнеше кітаптары жарық көрген, елге танылған үлкен ақын емеспін. Дегенмен анда-санда ойыма келген жыр шумақтарын қағазға түсіріп қоюды әдетке айналдырғам. Соның өзі біраз боп қалғасын, бүгін сіздердің бастарыңызды қосып, осынау балаң жырларымның тұсауын кестіріп, баталарыңызды алсам ба деген едім»,- деп ағынан жарылды.
Әсем әнмен әрленіп, тәтті күймен көмкерілген жыр кеші жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Серік Құсанбаев