Жеңімпаздар Данияда өтетін «EuroSkills» чемпионатына жолдама алды
Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында «WorldSkills Kazakhstan-2024» IX ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өткен WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионатына 555 студент қатысып, үш күн бойы 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Соның ішінде Шығыс Қазақстан командасынан 27 құзыреттілік бойынша 29 студент қатысты.
Республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша ШҚО құрама командасының 9 студенті жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, «Электроника» және «Инженерлік графика CAD» құзыреті бойынша 2 алтын, «Мехатроника» құзыретінен 1 күміс, «Веб-технологиялар» және «Электромонтаж» құзыретінен 2 қола медальді олжалады. Сонымен қатар, «Аспаз ісі», «Сән технологиясы», «Сантехника және жылыту» құзыреттері бойынша 3 «Үздік маман» медальондармен марапатталды.
Республикалық чемпионатта Ғалымжан Нығмет «Инженерлік графика CAD» құзыреттілігі бойынша алтын медаль, Ростислав Орлов «Электроника» құзыреттілігі бойынша алтын медаль, Мадияр Ғали мен Артем Мочинский «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша күміс медаль және Кирилл Бобрусов «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша қола медаль алды. Аталған бес жүлдегер де Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенттері екендігін ерекше мақтанышпен атап өткен жөн.
Чемпионаттың жеңімпаздары алдағы жылы Данияда өтетін «EuroSkills» чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Алтын медаль жеңіп алғандардың бірі - Өскемен жоғары политехникалық колледжінің «Жылуэнергетика» мамандығының 4- курс студенті Ғалымжан Нығмет.
Шара барысында Инесса Чернышёва жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етіп, чемпионаттың барлық қатысушылары мен олардың тәлімгерлеріне алғысын білдірді.
Айжанат Бақытқызы



