Мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту: онымен не істеу керек?
Фото: pexels.com
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту тек заңда қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін. Бұл ереже қызмет көрсетушілерді ерікті немесе негізсіз шешімдер қабылдаудан шектейді және заң талаптарын қатаң сақтауға міндеттейді.
Алайда, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ең жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – негізсіз бас тарту. 2023-2024 жылдары жүргізілген бақылау іс-шаралары барысында осындай 57 жағдай анықталды.
Әрбір анықталған бұзушылық бойынша азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданып, кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік жауапкершілік жүктелді. Осы шаралардың нәтижесінде азаматтар бұрын қол жеткізе алмаған жер учаскелерін, жеке құжаттарды, декреттік төлемдерді және басқа да қызметтерді ала алды.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы азаматтардың билік органдарына деген сенімін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Әділеттілікті қалпына келтіру бойынша әрбір жағдай мемлекеттік органдардың өз міндеттемелерін адал атқаратынын және азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететінін көрсетеді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету заңнамасын сақтау – билік органдарының міндеті ғана емес, азаматтардың құқықтарының кепілі екенін ұмытпаған жөн.
Егер Сіз мемлекеттік қызмет көрсету барысында құқықтарыңыздың бұзылғанын сезінсеңіз, Өскемен қаласы, Назарбаев даңғылы, 4 мекенжайындағы Департаментке жүгінуіңізге болады. Анықтама телефоны: 8-7232-76-50-88. Сонымен қатар, «Е-Өтініш» платформасын немесе Telegram қосымшасындағы EgovKzBot2.0 платформасының «Уәкілетті органға өтініш» функциясын пайдалана аласыз.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
Агенттігінің ШҚО бойынша
Департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Е.М. Айкымбеков