Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы
Фото: pexels.com
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында медицина саласын дамытуға ерекше назар аударып, халықтың саулығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, әсіресе, ауылдық жерлерде қолжетімді медициналық қызметтерді арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық өңірлеріндегі медициналық қызметтерді заманауи құралдармен жабдықтау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың денсаулық сақтау саласына деген сенімін нығайту мақсатында ауқымды реформаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Күршім ауданы халықтың медициналық қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Ауданда медициналық қызметтерді 1 аудандық аурухана, 3 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт және жеке үй-жайда қызмет көрсететін медицина қызметкері жүзеге асырады.
Қызметкерлер мен құрылым:
- 35 дәрігер
- 167 орта медициналық персонал
- 46 санитар
- 49 қосалқы мамандар (жүргізушілер, статисттер, техникалық қызметкерлер).
Ауданның медициналық қызметтерін дамыту үшін жыл сайын кадрлық құрамды толықтыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету шаралары қолға алынуда.
Медициналық көрсеткіштер:
- Қатерлі ісіктерден сырқаттанушылық 10,9%-ға төмендеді.
- Туберкулезден болатын өлім-жітім толық жойылды.
- 2023 жылдың басынан бері 182 бала дүниеге келді. Бір нәресте өлімі (туа біткен ақаулардан) тіркелгенімен, ана өлімі орын алған жоқ.
2024 жылы Күршім аудандық ауруханасы заманауи медициналық жабдықтардың 11 бірлігімен қамтамасыз етілді. Оның ішінде:
- Электрокардиографтар
- Кардиотокографтар (ана мен ұрықтың мониторлары)
- Хирургиялық сорғыштар
- Аудиологиялық зерттеулерге арналған заманауи аппараттар
- Холтер мониторингі жүйесі және қан қысымын бақылау құралдары
Бұл жабдықтардың жалпы құны – 35,8 миллион теңге. Бұл жаңа жабдықтар аудан тұрғындарына сапалы әрі дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Аудандағы денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.
2024 жылы Күршім ауылындағы мәйітхананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,4 миллион теңге бөлінді. Бұл жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін «ДС Альянс» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуда келесі міндеттерді ерекше атап өтті:
- Ауылдық медицинаға қолжетімділікті арттыру:
Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі үшін телемедицина, жылжымалы медициналық кешендер мен заманауи зертханалар ашу ұсынылды. - Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін көтеру:
Дәрігерлерді үздіксіз оқыту, шетелдік тәжірибені енгізу және еңбекақыны арттыру – медицина қызметкерлерінің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасайды. - Заманауи технологияларды енгізу:
Диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу арқылы халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру. - Ана мен бала денсаулығы:
Президент ана мен балаға арналған медициналық қызметтерді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Ұлт денсаулығын жақсарту – тек медицинаның ғана емес, қоғамның барлық салаларының ортақ міндеті. Президент Жолдауында медицина мен білім беру саласының үйлесімді дамуы арқылы дені сау ұрпақ қалыптастыру мәселесі де көтерілді.
Дені сау ұлт – мемлекет дамуының ең үлкен байлығы. Адамдардың денсаулығы жақсарған сайын олардың өмір сүру сапасы, еңбекке қабілеттілігі артып, елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайы да нығая түседі. Қазіргі уақытта Қазақстан денсаулық сақтау саласында үлкен реформаларды бастан өткеруде. Бұл бағыттағы жұмыстар Күршім ауданының да медициналық саласына тың серпін беріп, тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді деп күтілуде.