KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Шығыс өңіріне сапары

Фото: Altainews.kz

10.12.2024, 09:15 47 Гульжан Мусина

Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Сәрсен Аманжолов атындағы университетте, сондай-ақ колледж және балабақша сынды бірқатар білім беру мекемелерінде болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың оқытушылары мен студенттерімен кездесуде вице-премьер университеттің жаңа бастамалары мен жаңашыл жобаларымен танысты. Оған «Дана бала» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен «Серпін» жобалық кеңсесі таныстырылды. Бұл құрылымдар заманауи білім беру технологиялары мен бағдарламаларын интеграциялауға ықпал етеді.

— Біздің басты міндетіміз – әр балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беру, — деді Тамара Дүйсенова.

Ол педагог мәртебесі, педагогикалық жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар санын көбейту және білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. 

— Біз заңнамалық түрде педагог мәртебесін бекіттік, олардың еңбекақысын көбейттік, педагогикалық мамандықтар бойынша студенттерге берілетін стипендияны арттырдық және еліміз бойынша жаңа мектептер салуды қолға алдық. Ендігі басты міндетіміз – білім сапасын жақсарту, — деп атап өтті вице-премьер. 

Вице-премьер барған колледжде IT бағытты дамыту мәселесін де ортаға салды. Студенттер бағдарламалау және ақпараттық жүйелер саласындағы жобаларын, соның ішінде оқу үдерісін басқарудың бірегей жүйесін таныстырды. Тамара Дүйсенова бұл тәжірибені Қазақстанның өзге колледждерінде де тарату қажеттігін атап өтіп, мұндай бастамалардың жоғары технологиялық салалар үшін білікті мамандар даярлауға септігін тигізетінін айтты.

Вице-премьердің жұмыс сапары барысында кірген балабақшада мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Ол балаларды мектепке дайындау деңгейін арттырудың маңыздылығына тоқталды. 

— Қазір балалардың тек жартысы ғана балабақшаға барады, ал көптеген бала мектепке дайындықсыз келеді. Бұл олардың үлгеріміне және болашақ мамандық таңдауына әсер етеді, — деді ол. 

Мәселені шешу үшін вице-премьер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін енгізуді ұсынды. Бұл механизм заңнамалық талаптарға сай келетін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ата-аналарға балабақша таңдау құқығы беріледі, ал қаржы балаға ілесіп отырады. Бұл қадам қызмет сапасын арттырып, бәсекелестікті дамытуға ықпал етпек. 

Білім беру нысандарын аралау қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының білім беру жүйесін барлық деңгейде дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол мемлекеттік органдар, педагогтер және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен жұмысы арқылы қойылған мақсаттарға қол жеткізіліп, балалар, студенттер және болашақ мамандар үшін тең мүмкіндіктер жасалатынына сенім білдірді.

Агроөнімдер тікелей тұтынушыға: «Алтай» КТО мүмкіндіктері таныстырылды

Өскемен қаласында ашылған «Алтай» көтерме-тарату орталығы Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сатып алуға мүмкіндік береді. Орталықтың жұмысымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы танысты.

Сапар барысында Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың өнімдер көрмесін аралап көрді. Бұл бағдарлама аясында несие алып, кәсібін дамытып жатқан кәсіпкерлердің жұмысы жоғары бағаланды.

Балдан тәтті сусындар жасайтын кәсіпкер осыдан екі ай бұрын өндірісін тоқтатуға мәжбүр болған еді. Алайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы оның кәсібіне екінші тыныс берді.

Қазіргі уақытта кәсіпкердің өндіріс ауқымы да айтарлықтай кеңейген. «СПК Omartashy KZ» кәсіпорны балдан медовуха әзірлеумен қатар, Шығыстың тау бөктерінде өсетін дәрілік шөптерден жасалған қара шай, Күршімнің қарбызынан кептірілген жемістер, қарбыз қабығынан мармелад, ал қарбыздың өзінен тіл үйірер тосап дайындаумен айналысуда. Осы кәсібін дамыту үшін кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29 530 000 теңге несие алған.

– Бұл өнімдердің елімізде баламасы жоқ. Кептірілген жемістердің көпшілігі бізге шетелден келіп жатыр. Сондықтан кәсіпкердің өнімдерін тек көрмелерге шығарумен шектелмей, кең көлемде саудаға шығару мүмкіндігін жасау қажет, – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.

«СПК Omartashy KZ» кәсіпорны алдағы уақытта балдан тәтті кәмпиттер өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда компанияда 9 адам жұмыс істеуде, ал кәсіпкер болашақта тағы 15 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс ауқымын кеңейтуді көздейді.

Тамара Дүйсенова: «Ұлттық қолөнер туындылары туристердің жоралғысына айналуы керек»

Шығыс Қазақстан облысында "Ауыл аманаты" бағдарламасының жүзеге асу барысымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы танысты. Осы мақсатта бағдарлама аясында несие алған кәсіпорындардың көрмесі ұйымдастырылды.

Этнотуризмді ұлттық нақышта дамытуға арналған жабдықтарды сатып алу үшін 21 030 000 теңге көлемінде несие алған "Хуан Харшыға" жеке кәсіпкерлігінің бастамасы Тамара Дүйсенованың жоғары бағасына ие болды. Кәсіпкер ұлттық нақыштағы күміспен көмкерілген белбеу мен қамшы жасаса, оның жары сырмақ басумен айналысады.

– Қай елге барсаңыз да, олар өз ұлттық құндылықтарымен қарсы алады. Біз де қазақтың қолмен басылған сырмақтары арқылы өз мәдениетімізді таныта аламыз. Бұл – керемет құндылық. Ұлттық қолөнер туындыларының қолданысын кеңейтіп, оларды туризмнің өзегіне айналдыру қажет. Шетелден келген туристер Қазақстанның осындай ерекше бір бөлшегін өзімен бірге алып кетуі керек, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ұлан ауданындағы кәсіпкерлер этнотуризмді дамыту мақсатында Бозанбай ауылының маңында Этноауыл жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ауылдың маңында киіз үйлер тігіліп, туристер таза ауада демалып, қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көре алады. Сол арқылы олар атқа міну, түйе байлап шұбат сауу, биені байлап қымыз жасау, бүркіт ұшыру секілді қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен танысады.

Этноауылда ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары да сатылымға шығарылады, бұл жергілікті қолөнерді дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор мүмкіндік береді.

Пластикті өңдеу – өнімге екінші тыныс береді

Пластик бөтелкелерді өңдеп, қайта өндірісте қолдану – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдайтын және кәсіпкерлікті дамытатын бірегей жоба. «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған ұландық кәсіпкер көліктерге арналған пластикалық кілемшелер жасап, Қазақстан нарығына ұсынуда.

– Қазіргі кезде жаңа көліктер аяқ астына салынатын кілемшелерсіз шығарылады. Сол себепті бұл өнімге сұраныс жоғары. Біз Қасым Қайсенов кентінде отырып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіп, осы сұранысты қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді кәсіпкер Бауыржан.

«Маликов и К» ӘКК көлік кілемшелері мен аксессуарларын тігуге арналған лазерлік жабдық сатып алу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 13,345 млн теңге несие алған. Өндірістік материалды Алматы қаласынан арнайы жеткізеді екен.

Аталмыш жобамен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылған кәсіпкерлермен кездесу барысында танысып, кәсіпті дамыту жөніндегі идеяларымен бөлісті.

– Түркістан облысында «Амантай пласт» компаниясы бар. Олар пластик бөтелкелер мен жылыжайлардан қалған полиэтилендерді өңдеп, құбырлар мен көкөніс тасуға арналған пластик жәшіктер жасап, нарыққа ұсынуда. Сіздердің бағыттарыңыз ұқсас болғандықтан, бір-бірлеріңізбен серіктестік орнатуға болады, – деді Тамара Дүйсенова.

«Амантай пласт» компаниясы – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кәсіп. Олар қайта өңделген пластиктен көкөніс тасуға арналған жәшіктер өндіріп, Ресей, Израиль және Германия елдеріне экспорттауда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша әкімдікте өткен отырыста бұл кәсіптің өресін естіген өңір басшысы Ермек Көшербаев Түркістаннан өз жобасын үлгі ретінде таныстыруға келген кәсіп иесі Амантай Айдарханұлына пластик өңдейтін орталықты Шығыс Қазақстан облысында ашуды  ұсынды.

– Өскемен қаласының шетінде өндіріс ашсаңыз, біз барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Қазір біз көршілес Ресей мен Қытай елдеріне көкөніс пен өсімдік өнімдерін тасымалдайтын ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сіздің пластик жәшіктеріңіз осы жобаға үлкен үлес қосар еді. Бұл ұсынысты қарастырып көріңіз, – деді ШҚО әкімі.

Риддер қаласында салынып жатқан аурухана кешенінің құрылысы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Риддер қаласындағы жаңа аурухананың құрылысымен танысты.

Қазіргі уақытта Риддерде 34 миллиард теңгеге бағаланған көпсалалы аурухана салынып жатыр. Оның 6 миллиард теңгесі игерілгенімен, құрылыс соңғы уақытта бәсеңдеп қалған еді. Жергілікті халықтың мазасын алған бұл мәселе бүгін шешімін тапты. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жиналған қаражаттың бір бөлігі аурухана құрылысына бөлінетін болды.

- Президент тапсырмасына сәйкес, аурухана құрылысын аяқтау үшін 28,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан қарастырылып отыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау міндеттелді. Мердігерлер кешенді 2025 жылға дейін толықтай пайдалануға беруге уәде етті. Қаржының уақытылы игерілуі қатаң бақылауда болады. Риддер халқы сапалы медициналық қызметті жергілікті жерде алу үшін барлық жағдай жасалмақ, – деді вице-премьер.
  • Кешеннің жалпы ауданы: 40 000 шаршы метр.
  • Стационар: 200 орынға арналған.
  • Емхана: Күніне 500 адамды қабылдай алады.
  • Медицина мамандары: 500-ден астам қызметкер.
  • Қосымша бөлімшелер: Кардиология, инсульт, травматология, күйікке арналған төсектер.
  • Құрылыс мерзімі: 2021 жылы басталды, аяқталуы – 2025 жылға дейін.

Қазіргі Риддер қаласындағы аурухананың ғимараттары 80 жыл бұрын салынған және қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Ал жаңа кешен аймақтағы медициналық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартып, сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттырады.

Риддер – демографиялық жүктемесі жоғары моноқала. 55 мыңнан астам тұрғыны бар шаһардың 22,7%-ын 60 жастан асқан тұрғындар құрайды. Жаңа аурухананың ашылуы өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға болмақ.

Қабылданған шаралар Риддер ауруханасының «сақалды құрылыс» атануына жол бермей, халықтың сапалы медицинаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдің медициналық әлеуетін арттырып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді.

Қазақ тілі - елдегі барлық ұлтты біріктіретін тіл

Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы барып, аталмыш орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Тамара Босымбекқызын бұл мекемедегі түрлі үйірмелердің жұмыс барысымен таныстырды. Оның ішінде қазақ тілі орталығы бар.

- Қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін, тілін үйретіп, білім көкжиектерін кеңейтетін мұндай үйірменің жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Қазақ тілі біздің елімізде тұрып жатқан барлық ұлтты біріктіреді, жақындастырады. Елдің ілгері басуы осы бірліктің, тұрақтылықтың арқасы екенін естен шығармауымыз керек. Қазір барлық бала үшін тамаша жағдай жасалуда, - деген Тамара Дүйсенова жас буынға да кеңесін берді. - Сондықтан сіздер, балалар дұрыс білім мен тәрбие алуларыңыз қажет. Бізді әсіресе, мұндағы балалардың қазақ тілін өзінің ана тіліндей меңгергені ерекше қуантады, - деді ол.

Сондай-ақ, іссапар барысында вице-премьер балалар үйінің тәрбиеленушілері ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Вице-премьер қариялармен жүздесті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Глубокое ауданының Солнечный кентіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, мекеменің жұмыс барысымен танысты.

Вице-премьер қарттармен емен-жарқын әңгімелесіп, қазыналы қарияларымыздың баға жетпес тәжірибе мен өмірлік даналықтың сақтаушылары екенін баса айтты. Қарттарымыздың болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасаған істеріне алғыс айтуды ұмытпауға шақырып, барлығына зор денсаулық, ұзақ өмір және амандық тіледі. Өз кезегінде қариялар Тамара Дүйсеноваға ақ батасын беріп, жылы лебіздерін білдірді.

Бүгінде бұл орталықта 112 адам тұрады. Оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін қариялар да бар.

- 2016 жылдан бастап осы орталықта тұрамын. Өзім Зайсан ауданының тумасымын. Осы мекемеде жұмыс істейтін барлық қызметкерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деді Аралбай Борекенов.

Айта кету керек, мекеме қызметкерлері үйдегідей жағдай жасауға тырысады. Ал орталықтың тұрғындары соның нәтижесін көріп отырмыз дейді. Орталықтың бөлмелері ыңғайлы, мұнда асхана, акт залы, кітапхана, тігін цехы, шеберханалар бар, сондай-ақ интернет те қосылған. Сондықтан адамдар мұнда тірлік кешіп қана қоймай, сүйікті ісімен, спортпен немесе шығармашылықпен айналысады және де орталықтан шықпай-ақ қажетті медициналық көмек ала алады.

Тамара Дүйсенова Шығыстағы экотуризмнің дамуына назар аударды

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Глубокое ауданының Зимовье ауылында орналасқан “Зимовье” демалыс үйінде болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Елді мекеннің көркем табиғат аясында орналасқан бұл демалыс орны экотуризмді дамыту бағытында ерекше үлгі ретінде танылып келеді.

Вице-премьер демалыс үйінің инфрақұрылымымен, экологиялық туризмді дамытуға бағытталған жобаларымен танысып, нысанның қызмет көрсету сапасын жоғары бағалады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының суретшісі Тамара Дүйсенованы жеке портретімен таңғалдырды

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Солнечный ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Онда вице-премьерді ерекше сыйлық күтіп тұрды. Он жылдан бері осы орталықта тұрып, еңбек етіп келе жатқан суретші Олег Некрасов өзі салған портретін сыйға тартты.

Олег Некрасов - тағдыры күрделі, бірақ туындылары жылулық пен шынайылыққа толы суретші. Орталықта өмір сүре отырып, ол өз талантын дамытып, өнерін әлеммен бөлісудің мүмкіндігін тапқан. Оның картиналары терең эмоцияға және шынайы реализмге бай.

- Мен үшін әрбір жұмыс – өз сезімімді білдірудің және адамдармен байланыс орнатудың тәсілі, – дейді суретші.

Тамара Дүйсенованың сапар жасайтынын естіген Олег бірден оған портрет сыйлауға шешім қабылдаған. Олег Некрасовтың салған портреті қонақтарды өзінің әсерлілігімен және егжей-тегжейлі орындалуымен таңғалдырды. Бұл ерекше сыйлық сапардың жарқын сәтіне айналды. Вице-премьер суретшіге ерекше сыйлық үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу