Премьер-министрдің орынбасары ШҚО-дағы білім беру нысандарын аралады
Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Сәрсен Аманжолов атындағы университетте, сондай-ақ колледж және балабақша сынды бірқатар білім беру мекемелерінде болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың оқытушылары мен студенттерімен кездесуде вице-премьер университеттің жаңа бастамалары мен жаңашыл жобаларымен танысты. Оған "Дана бала" үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен "Серпін" жобалық кеңсесі таныстырылды. Бұл құрылымдар заманауи білім беру технологиялары мен бағдарламаларын интеграциялауға ықпал етеді.
Ол педагог мәртебесі, педагогикалық жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар санын көбейту және білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Вице-премьер барған колледжде IT бағытты дамыту мәселесін де ортаға салды. Студенттер бағдарламалау және ақпараттық жүйелер саласындағы жобаларын, соның ішінде оқу үдерісін басқарудың бірегей жүйесін таныстырды. Тамара Дүйсенова бұл тәжірибені Қазақстанның өзге колледждерінде де тарату қажеттігін атап өтіп, мұндай бастамалардың жоғары технологиялық салалар үшін білікті мамандар даярлауға септігін тигізетінін айтты.
Вице-премьердің жұмыс сапары барысында кірген балабақшада мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Ол балаларды мектепке дайындау деңгейін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Мәселені шешу үшін вице-премьер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін енгізуді ұсынды. Бұл механизм заңнамалық талаптарға сай келетін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ата-аналарға балабақша таңдау құқығы беріледі, ал қаржы балаға ілесіп отырады. Бұл қадам қызмет сапасын арттырып, бәсекелестікті дамытуға ықпал етпек.
Білім беру нысандарын аралау қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының білім беру жүйесін барлық деңгейде дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол мемлекеттік органдар, педагогтер және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен жұмысы арқылы қойылған мақсаттарға қол жеткізіліп, балалар, студенттер және болашақ мамандар үшін тең мүмкіндіктер жасалатынына сенім білдірді.