KZ
Өскемен
-13°
переменная облачность жел 1 м/с, СБ
524.66 550.21 5.09

Самар ауданы: жағажай туризмі және жаңа мүмкіндіктер 

Фото: pexels.com

16.12.2024, 14:00 127 Гульжан Мусина

Самар ауданы Шығыс Қазақстан облысындағы ең танымал туристік аймақтардың бірі болып саналады. Табиғаты әсем аудан туризм саласында айтарлықтай дамып, жыл сайын мыңдаған туристерді қарсы алады. Аудандағы негізгі туристік нысан – Бұқтырма су қоймасының жағалауы, ол керемет құмды жағажайларымен, таза ауасымен және дамыған инфрақұрылымымен танымал, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.     

Бұқтырма су қоймасының жағалауында үш негізгі ауыл орналасқан: Миролюбовка, Новостройка және Сарыбел. Бұл ауылдар маусым сайын 70 мыңнан астам туристі қабылдай алады. Демалушылардың негізгі бөлігі маусым кезінде келіп, олардың саны 55 мыңнан асады. Облыс орталығынан 182 км қашықтықтағы жағалауда 54 демалыс базасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы – 2 260 орын. Демалыс үйлерінде бағалар қолжетімді: бір күндік тұру құны 20-35 мың теңге аралығында. 

2023 жылы жағалау аумағындағы жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 1 177 жер учаскесі тексерілді, оның 1 155-і демалыс базаларын салу мен пайдалану үшін, ал 22-сі қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында берілген. Нәтижесінде, 209 учаскенің пайдаланылмай жатқандығы анықталды, ал қалған 968 учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мәдени-ойын-сауық қызметтері ұсынылуда. 

Ауданда туризмді дамыту үшін инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінуде. Сарыбел ауылында 2023 жылы жалпы сомасы 90 млн теңгеге кіреберіс жол жөнделіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 10,3 млн теңгеге 16 бейнебақылау камерасы орнатылды. Ал 2024 жылы көше жарықтандыру жұмыстарына 3,6 млн теңге бөлінді. 

Новостройка ауылында да маңызды жұмыстар жүргізілді. 105 млн теңгеге кіреберіс жолға жөндеу жасалып, 11 млн теңгеге тұрмыстық қалдықтар полигоны үшін қоршау орнатылды. Сонымен қатар, көше жарықтандыруға 3,3 млн теңге жұмсалды. 

Туристерге жайлы жағдай жасау үшін санитарлық-гигиеналық тораптардың (СГТ) қызметі маңызды рөл атқарады. Ауданда бірнеше СГТ жұмыс істейді: «Айару» (ашық СГТ, Самар ауылы), «Әкімжан» (ашық СГТ, Құлынжон ауылы), «Інжу» (жылы СГТ, ғимарат ішінде, Құлынжон ауылы), «PetroRetail» жанармай бекетінде (жылы СГТ). 

Қазіргі уақытта Самар ауылындағы Өскемен– Самар тас жолының қиылысында жаңа санитарлық-гигиеналық тораптың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаның жалпы құны – 10,412 млн теңге. 

Самар ауданының туризм саласын одан әрі дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауында Алакөл жағалауы үлгісінде өрт сөндіру депосы, медициналық және полиция бекеттерінің ғимараттарын салу көзделуде. Сонымен қатар, жаңа туристік нысандарды салу үшін инвесторларға беру мақсатында перспективалы жер учаскелері анықталуда. 

Демалыс базаларын елді мекендер шегіне енгізу үшін 10 млн теңге бөлініп, жобалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін Новостройка және Сарыбел ауылдарының шекаралары нақтыланады. 

Самар ауданы туризмді дамытуда ерекше белсенділік танытып, табиғи ресурстарын тиімді пайдалануда. Бұқтырма су қоймасының әсем жағалауы мен дамып жатқан инфрақұрылым ауданды еліміздің басты туристік аймақтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Инвестиция тарту және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы бұл бағытта одан әрі жетістіктерге жету жоспарланып отыр. 

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу