KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, С
509.84 595.75 6.47

Самарда туризм саласын дамытуға басымдық беріліп отыр 

4.12.2024, 17:30 678 Гульжан Мусина

Самар ауданындағы жағажай туристік аймағында Алакөл жағалауы үлгісінде өрт сөндіру депосын, сондай-ақ медицина және полиция бекеттерінің ғимараттарын салу жоспарлануда. Бұл туралы Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев мәлім етті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Самар ауданының биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы сөз қозғалды.

Қайдар Сұрашевтың айтуынша, Самар ауданы Шығыс Қазақстандағы негізгі жағажай туризмі аймақтарының бірі саналғандықтан, өңірде аталмыш бағытты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде.

– Өздеріңізге мәлім, Бұқтырма су қоймасы – туристер тарапынан зор сұранысқа ие демалыс аймақтарының бірі. Сол себепті, біз бұл бағытқа басымдық беріп отырмыз. Ауданды дамытудың кешенді жоспары аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауында демалушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды мақсат етудеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Белгілі  болғандай, су қоймасының бойындағы құмды жағажай мен қол созым жерде Миролюбовка, Новостройка және Сарыбел ауылдарының орналасуы маусым сайын 75 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндік береді. Ал әзірге бір маусымда Самардағы туристік аймаққа келіп қайтатын қонақтардың саны 55 мың шамасында екен.

Қайдар Сұрашев Бұқтырма су қоймасының жағалауында 54 демалыс базасы орналасқанын, онда 2 260 орынға шақталған 1 030 үй бар екенін хабарлады. Осы ретте облыс орталығынан шамамен 180 шақырым қашықтықта орналасқан жағажайдағы демалыс үйлерінің орташа бағасы тәулігіне 20 мен 35 мың теңге аралығында екенін де айтқан жөн.

Аймақта жаңа туризм нысандарын салу үшін инвесторларға беру мақсатында перспективалы жер учаскелерін анықтау жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса ауданда жағалауға апаратын жолдарды жөндеу, трасса бойында және туристік аймақ аумағында санитарлық-гигиеналық тораптар салу, сондай-ақ демалыс базаларын интернетпен қамту бағытында да бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу