KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
527.3 544.86 4.95

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

14.12.2024, 09:45 31 Гульжан Мусина

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 19 мамырында құрылды. Бұл – Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздарды жүйелі түрде іздестірумен айналысатын жалғыз ұйым. Соғыс кезінде 271 мыңнан астам қазақстандық әскер қызметшісі қаза тауып, хабарсыз кеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін біздің елден 178 мыңға жуық адам  Қызыл Армия қатарында болғаны айтылса, олардан бөлек  майданға 1 миллион 300 мың  қазақстандық шақырылғаны мәлім. Ал жарақаттан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер және тұтқынннан қайта оралмағандардың барлығын қосқанда – 630 мың адам. Бұл тізімге Қазақстаннан тыс жерлерден әскерге шақырылғандар мен еңбек армиясынан қайтпағандар қосылмағанын атап өткен жөн. Оның үстіне сталиндік режим Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтарынан тұратын «еңбек армиясы» деп аталатын армия құрды. Деректерге сенсек, еңбек армиясына тек Қазақстанның өзінен ғана 700 мың ересек адам алынған екен. Өнеркәсіп орындарындағы қара жұмысқа 670 мың адам тағы да шақырылған. Міне осыншама азаматтың тек ширегі ғана аман-есен елге оралған. Туған жерінен топырақ бұйырмай хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың ұрпақтары бүгінде жат даласында жоғалып, із-түссіз кеткен ата-әкелерінің басына дұға оқып, топырақ салсам, сүйегін туған жерге әкелсем деген үміттің жетегінде...

Осындай үмітті үкілеген жандардың аттар босағасы - «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі. Аталған бірлестік Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді жүйелі түрде іздеумен айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым екен. Бірлестік 2020 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында «Atamnyn Amanaty» бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атаныпты. Ол сыйлық қоғамдық және мемлекеттік бастамасының марапатын алған һәм «Ыстық жүрек» белгісімен марапатталған Қазақстандағы алғашқы ұйым болды. 2019 жылдан бері «Atamnyn Amanaty» сайты арқылы 8 мыңнан астам іздеу өтініші келіп түскен. 4 мыңнан астам қазақстандық солдаттың жерленген жерлері мен тұлғалары анықталды. 16 табылған сарбаздың сүйектері отанына жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді.

Қазақ – жоқтаусыз қалғаннан қорыққан халық. Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр деген де бар. Жеті атасын жетік білмеген адамнан шошынатын.  «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым.

- Біздің бірлестіктің негізгі ұстанымы – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы. Біз қашанда әруақты құрметтеп, өткенін ұлықтаған, үлкенін ардақтаған елміз. Осы дәстүрді берік ұстан­ған кешегі майданда мерт болып, дерегі жоғалған жауынгерлердің ұрпақтары бізге көп үміт артады,- дейді ұйым өкілдері.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясы өзгеріссіз қалуда: ол жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеу арқылы тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету және стратегиялық мақсаттарға жету үшін жалпы күш-жігерді біріктіру болып табылады. «Atamnyn Amanaty» қорының маңызды бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастық, осы бағытта 50-ден астам келісімшарт жасалып, олар сәтті жүзеге асырылуда. Соғысқа аттанған қазақстандықтарды іздеу жұмыстары үш бағытта жүріп жатыр. Бірінші, архивтермен жұмыс, екінші, майдан даласындағы қазба жұмыстары және үшінші әскери патриоттық іс-шаралар өткізу.

Мемлекет басшысының Италияға барған  ресми сапарында  ел Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі ара­сындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде қаза тапқан әскери қыз­метшілер жерленген орындардың мәр­тебесіне қа­тысты келі­сімге де қол қо­йылғанын атап өткеніміз жөн. Яғни, екі елдің соғыс құрбандарына ортақ құрмет көрсетуді мақсат еткен келісім екі ел үшін де өте тиімді болып отыр.

2023 жылдың 11 қыркүйегінде Нидерланд Корольдігінің «Советское поле славы» қорымен бірлескен меморандумға қол қойылды. Қордың директоры Ремко Рейдингтің айтуынша, Амстердамның «Амерсфорт» концентрациялық лагерінде тұтқын болған қазақтар бар екені белгілі болды. Осылайша, «Atamnyn Amanaty» іздестірушілері голландиялық әріптестеріне көмектесіп, Алматы қаласынан Баратовтар әулетінің бір соғыстан хабарсыз кеткен туысқанын тауып алды.

- «Қазағымның қаны қайда төгіліп, басы қайда қалмаған» дегендей Италиядан да қазақтарды таптық. Олардың санын алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Қазақстанда жатқан италиялық азаматтар бар екен. Англиядан да алты қазақстандық жатқанын анықтадық. Сонымен қатар өзіміз секілді  жұмыстармен айналысатын Нидерланд Корольдігінің Кеңестік «Даңқ алаңы» қорымен бірлескен жұмыс туралы соңғы меморандумдардың біріне өткен жылдың 11 қыркүйекте қол қойылды. Олар біздің елімізге келді. Бұл қордың директоры Ремко Рейдингтің айтуынша, Голландиядағы Амерсфорт концлагеріндегі әскери тұтқындар ара­­­сында қазақтар да болған.  Голландияның журналисті шағын ғана қалада 101 адамның бейітін тауып, оларды зерттеп, ДНҚ-сын талдап, идентифкация жасаған кезде Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің бірі – алматылық Баратовтар отбасының ұрпақтарын таба алды. Бұл істің де «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің  көмегі тигенін атап өткен жөн,- деді бірлестік төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, елшіліктер мен әскери атташелерінің көмегімен, Қазақстаннан тыс жерлерде жерленген 20 мыңға жуық қазақстандық жауынгердің деректері жинақталды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасуда. 2023 жылғы 10-24 тамыз аралығында Қазақстанның іздеу отряды Ресейдің Калужа облысындағы Барятин ауданында өткен Халықаралық әскери-тарихи экспедицияға қатысып, 387-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткіш тақтасын орнатты.

2023 жылдың 22-23 қыркүйегінде Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференциясы өтті. Бұл конференция үшінші рет ұйымдастырылып, ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздеу қозғалыстарының диалог алаңына айналды. Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға Ресей Федерациясы, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыстан және Қазақстан Республикасынан делегациялар қатысты. Осы конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның тарих, факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы,  Ауған соғысының ардагері Сайлан Болат Санабайұлы «Екінші дүниежүзілік соғыстағы тұтқындар тарихы: сандар мен дәлелдер» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндама әр елден қатысушы делегацияның қызығушылығын тудырып, жоғары бағаланды.

Конференцияның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердегі архивтік және далалық іздеу жұмыстарының ерекшеліктерін талқылау, сондай-ақ жауынгерлердің сүйектерін туған жеріне қайтару мен олардың есімдерін мәңгілік ету бағытында ұсыныстар әзірлеу болды.

Жастарды әскери-патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбиелеу мақсатында Алматы қаласындағы 33 колледжбен меморандумдар жасалып, «Аталар аманатына адалмыз» акциясы аясында колледждер тарихи зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ВТШ курсанттарын іздеу жұмыстарына тартуда. Олар жыл сайын қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштері мен сүйектерін іздеу жұмыстарына қатысады.

2023 жылдың 19 тамызында Алматыда Ұшқыш-штурмовик, Совет Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың туғанына 101 жыл толуына орай марафон ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға 1000-нан астам адам қатысты. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі барлық іс-шараларды жас ұрпақтың қызығушылықтарына бейімдеп өткізеді, сонымен қатар ең жақсы тәрбие – жеке үлгі екендігін ескереді. Сол себепті олар Қарулы Күштердің ардагерлерін марафондарда, волейбол жарыстарында және басқа да шараларда жастармен бірге белсенді түрде қатысуға шақырады.

Мысалы, 2023 жылғы 6-17 қараша аралығында Астанада Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған волейбол турнирі өтті. Жеңіс күніне орай Астананың маңындағы Төңкеріс ауылында 69 соғыс ардагерінің есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл жұмысқа «Atamnyn Amanaty» іздеу тобы көп күш жұмсады, нәтижесінде 14 жауынгердің жерленген орындары анықталып, олардың туыстары табылды.

Бірде «Atamnyn Amanaty» ұйымына Кызылорда облысының тұрғыны Жантас Батырханұлы атасының іздеуі туралы өтінішпен жүгінді. Жантас атасының жерленген жерін табу үшін көп ізденді, бірақ еш нәтиже болмады. Бір түнде оған ерекше түс көрінді. Ол орманда жүріп, қаза болған сарбаздарға арналған ескерткішті көріп, оның үстінде оның атасының аты-жөні жазылғанын байқайды. Жантас осы түстің әсерінен қайтадан іздестіру жұмысын бастады және нәтижесінде оның атасы Айтуған Меделханов Ленинград облысынан табылған екен.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі өзінің болашақ жобалары мен жоспарларын жүзеге асыруды жалғастыруда. Биылғы жылы елімізде Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу» концепциясын бекіткен болатын.

Егер сіздің атаңыз немесе арғы аталарыңыз соғысқа кеткен болса және олар қайтып оралмаса, «Atamnyn Amanaty» қорына хабарласуға болады. Төмендегі байланыс мәліметтері арқылы өтініш бере аласыз:

Құқықтық мекен-жайы: Астана қ., Сығанақ көшесі, 45, офис 1111
Электрондық пошта: ata.amanaty@gmail.com
Телефондар: 8-771-287-21-11; 8-775-828-45-35

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу