Қамқорсыз қалған бала жоқ
«AMANAT» партиясының ШҚОФ жанындағы жастарды қолдау жөніндегі Кеңес отырысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күн тәртібінде білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының балалардың құқықтарын, оқу және тұру жағдайларын қорғау, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағыттары және есірткіге деген құштарлығының алдын алу шаралары, облыстағы бұқаралық спорттағы проблемалар, спорттық инфрақұрылымдардың жағдайы, «DamuBala» жобасының іске асуы сынды тақырыптар талқыланды.
Аталған сұрақтар бойынша баяндамашылар ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармалары, ШҚО полиция департаменті өкілдері болды.
«DamuBala» жобасы облыс бойынша Өскемен және Риддер қалаларында іске асырылуда. Алдағы уақытта аудандарды қамту жоспарлануда.
Облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 5 мекеме жұмыс істейді: білім беру жүйесіндегі 4 ұйым және денсаулық сақтау саласындағы 1 мекеме. Балалардың құқықтарының бұзылуына жедел ден қою мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың өкілдерінен тұратын бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірлік мониторингтік топтар құрылды. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға және жаңартуға көп көңіл бөлінеді. Әр мекемеде үй жағдайына жақын жағдай жасау шаралары қабылданады.
Нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын ұйымдастыру саласындағы өз қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен және еріктілермен өзара іс-қимыл маңызды мәнге ие. Жыл басынан 30 бірлескен іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, облыс орталығының аумағында есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити суреттері мен QR-кодтарын анықтау және бояу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Есірткі және психотроптық заттарды насихаттаумен және жарнамалаумен айналысатын 68 сайт бұғатталған. Бұл бағыттағы жұмыс ерекше бақылауда.