Жең ұшынан жалғасқан қылмыстарға жол берілмейді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта «көз қысты, бармақ басты» қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Салалық мекеме қызметінің басты мақсаты – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу. Бұл орайда, сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғуы ықтимал фактілерді жоюға ерекше назар аударылуда.
Жең ұшынан жалғасқан қылмыстардың алдын алу шараларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг кіреді. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төрт сыртқы талдау және алты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 54 ұсыныс енгізіліп, қазіргі уақытта оның 42-сі орындалған.
«Сақалды» құрылыстар қатаң бақылауда
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әсіресе аяқталу мерзімі ұзаққа созылып кеткен «сақалды» құрылыстарды қатаң бақылауға алған. Қазіргі уақытта жалпы құны 172 миллиард теңгені құрайтын ұзаққа созылған құрылыстар тізімінде 13 нысан бар. Осы нысандардың ішінде екі құрылыс қана аяқталғанын айта кеткен жөн. Өскемен қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (арнайы ХҚКО) ғимараты аяқталып, пайдалануға берілді. Еліміздегі ең ұзын көпір – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталып, Республика күні қарсаңында ашылады деп күтілуде. Басқа 12 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Бюджет қаражатын жымқырған
Білім беру саласы әлі де сыбайлас жемқорлықтан арылмаған салалардың бірі болып келеді. Әсіресе қаржыландыру мәселелерінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі анықталады.
Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша енгізілген нақты шаралардың бірі – облыстың барлық 343 мектебінде бухгалтерлік есептің бұлтты жүйесіне көшу еді. Жемқорлармен күресушілердің сөзіне қарағанда, бұл ақпараттық жүйе еңбекақы төлеу қорындағы қаражаттың қозғалысын жедел режимде бақылауға және жымқыру фактілерін дер кезінде анықтауға, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда аталған ақпараттық жүйені бірқатар білім беру мекемелері пайдаланбай отыр. Білім басқармасына бағынысты 54 ұйымның тек 23-і ғана бұлтты жүйеге толығымен өткен.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы білім беру мекемелерінің ақпараттық жүйеге толық өтуін және оны пайдалануын тұрақты негізде қадағалайтындарын айтты. Бухгалтерлік есепті цифрлық форматқа көшіру талабын елемеу фактілері бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен жымқыру тәуекелінің көрсеткіші болып саналады, сол себепті бұлтты жүйені енгізбеген мектептердің қызметі мұқият зерделенбек.
Уақытша кәсіп ашқан 780 кәсіпкер әшкереленді
Өңірде «декреттік» төлемдерді арттыру мақсатында 780 әйел кәсіпкер ретінде тіркеліп, уақытша кәсіптерін ашқан.
Жоғары мөлшерде декреттік төлем алу үшін ғана тіркелген бұдан басқа тағы 780 жеке кәсіпкердің заңға томпақ іс-әрекеті әшкереленді. Олар қызметін бір айдан бес айға дейінгі аралықта көрсетіп, кейін жабылып қалған.
Айтпақшы, декреттік демалыста отырған әйелдерге осындай қызмет ұсынған хабарландыруларды әртүрлі сайттардан да кездестіруге болады. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер бұл үрдістің жүйелі орын алып отырғанын айтты.
Негізсіз жасалған төлемдер...
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қызметіне жасалған сыртқы талдау саланың жүйелі сыбайлас жемқорлық тудыруы мүмкін осал тұстарын анықтап берді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға бекітілген 52 жеке көмекшіге негізсіз төлемдер жасалған. Мүгедектігі бар жандар сауықтыру-курорттық ем-дом алып жүргенде, олардың жеке көмекшілеріне барлығы үш миллион теңгеден астам негізсіз төлем аударылған.
Жемқорлықпен күресушілер облыста 3400-ден астам кәсіпкерге жұмыс орындарын ашқаны үшін субсидия төленбегенін анықтады. Субсидия төлемеу туралы шешімдерді «Еңбек ұтқырлығы орталығының» басшылары өз қалауымен қабылдап келген. Сонымен қатар, «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінде субсидияның не үшін төленбегені көрсетілмеген, бұл бекітілген рәсімдерді тікелей бұзу болып саналады.
Ақылы қызмет алуға мәжбүрлеген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет екінші жыл қатарынан «Бизнес жол» жобасын табысты жүзеге асыруда. Жоба бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға, кәсіпкерлік қызметті неғұрлым ашық және әділ жүргізуге жағдай жасауға бағытталған.
Осы жобасы аясында ветеринариялық қызметтер көрсету саласына жасалған мониторинг нәтижесінде кәсіпкерлердің алдында тұрған бірқатар жүйелі проблемалар анықталды.
Сондай-ақ, көлік құралдарын дезинфекциялау түрінде қосымша ақылы қызметтер көрсетудің 155 жағдайы белгілі болды, ол қызмет көрсетілмеуі де мүмкін, өйткені кәсіпкерлер ақысын төлегені туралы мәліметтер қызметтер тізілімінде бар, бірақ түбіртектер мен дезинфекция актілері жоқ, – деп түсіндірді сала басшысы.
Сайып келгенде, ақылы қызметтер ет өнімдерінің қымбаттауына әкеліп соғады. Қазіргі уақытта заңсыз іс-әрекеттер тоқтатылды, кінәлі адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта осындай бұзушылықтардың жолын кесу үшін облыс көлемінде бақылауды күшейту қажеттілігі туралы хат жолданды.
Айна Ескенқызы