Инфрақұрылым: ШҚО-да жолдар салынып, қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр
Фото: pexels.com
Ел Президенті Жолдауда еліміздің инфрақұрылымдық дамуына ерекше назар аударып, оның ішінде жолдар, тұрғын үй, су, жылу сияқты мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
2019 жылы Мемлекет басшысы еліміздегі ең ірі көпір – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын бастауды тапсырып, нысан биыл қолданысқа берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көпірдің ұзындығы 1316 метрді құрайды, ал оған қоса 19 шақырымдық инфрақұрылым және кіреберіс жолдар салынды.
Бұл көпірдің өңір үшін маңызы зор. Ол 120 мыңнан астам халқы бар шекара маңындағы жеті ауданды жыл бойы қауіпсіз көлік байланысымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, облыстың шалғай аудандары Қытай мен Ресей арасындағы ең қысқа және жылдам көлік дәлізіне айналмақ. Бұл өңірді транзиттік хаб ретінде дамытуға мүмкіндік береді, осылайша облыс экономикасының өркендеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Облыста Осинов асуын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып, Семей мен Риддер қалалары, Шемонаиха ауданы арқылы Ресей шекарасына дейінгі жолдар жөнделуде. Сонымен қатар, «Майқапшағай» (Қытай шекарасы) және «Үбі» (Ресей шекарасы) өткізу пункттері де өңірдегі көлік ағынын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі.
Катонқарағай ауылында және Зайсан қаласында жаңа әуежайлар салу жоспарланған. Ал Өскемендегі көтерме-тарату орталығы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және логистиканы жақсарту мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Бұл жобалардың барлығы көліктік-логистикалық хаб қалыптастыруға, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.
Облыстағы шағын ауылдар да назардан тыс қалмайды. Бұған дейін асфальт төселмеген көшелері бар 79 шағын ауылды қамту жоспарланып отыр. Алдағы үш жыл ішінде бұл ауылдарда 120 шақырым орталық көшелерге асфальт төселіп, көше жарықтары орнатылады. Жоба құны – 6,3 млрд теңге, ал көше жарығына 570 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 11 ауылда жұмыс басталып, тұрғындар жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынуда.
Қоғамдық көлікті жаңарту – облыстағы көлік инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды қадам. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Өскемен мен Риддер қалаларында 103 жаңа көлік сатып алынды. Оның ішінде Өскеменде 57 автобус пен 26 шағын автобус, ал Риддерде 20 автобус қызметке қосылды. Жыл соңына дейін Өскеменде тағы 11 автобус пен 10 шағын автобус сатып алу жоспарланған.
Бүгінде облыста 318 елді мекен жолаушы қатынасымен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 75%-ды құрайды. 669 автобус тұрақты түрде қатынайды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға субсидия бөлініп, 2024 жылға бұл мақсатта 5,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде автомобиль тасымалдарына – 4,9 млрд теңге, темір жол тасымалдарына – 450 млн теңге, ал әуе тасымалдарына – 187,1 млн теңге бөлінді.
Алайда, жолаушылар тасымалына қатысты кейбір мәселелер бар. Құрама, қосалқы бөлшектер және жанар-жағармай бағасының өсуі тасымалдаушыларға қиындық тудырып отыр. Техникалар лизингке алынады, бірақ тарифтердің өзгеріссіз қалуы қаржыландыру қажеттілігін арттырды. Облыс басшылығы бұл мәселелерді шешу үшін қосымша қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ауқымды жобалар өңірдің болашағын айқындап отыр. Бұқтырма көпірі, жаңа әуежайлар, жолдарды жаңғырту және қоғамдық көлікті жаңарту сияқты жобалар өңір экономикасына серпін беріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бұл жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, ауылдық және қалалық жерлердің арасындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған. Облыс басшылығының нақты жоспарлары мен міндеттерін орындау арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге көтеріледі деп сенеміз.
Ержан Әбіш