Жолда қалған жағдайда жылыту пунктіне тоқтауға болады - ШҚО (Видео)
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар бағыттарда автокөлік қозғалысына шектеу енгізілді. Жол қызметтерінің мәліметінше, қар көшкіні қаупіне, жолдарды тазалау қажеттігіне, қатты желді бұрқасын мен жол төсемін дайындау жұмыстарына байланысты жол қозғалысын шектеу шаралары қабылданды, деп хабарлайлы Altainews.kz тілшісі.
Алайда, құтқару қызметтерінің ескертулеріне қарамастан, кейбір жүргізушілер сақтық шараларын елемей, жолға шығып жатыр.
Осыған орай, жергілікті билік ауа райының қолайсыз жағдайына тап болған жолаушылар үшін жылыту пункттерін ұйымдастыруды жедел қолға алды. Мысалы, Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы жолда, Серебрянск қаласында жылыту пункті ашылды. Бұл туралы жол қызметтері хабарлаған болатын. Айта кету керек, жылыту пункті – уақытша шара. Азаматтар қолайсыз ауа райында барынша ұзақ жолға шықпаудың қамын жасағаны дұрыс.
Ескертуге қарамастан жолға шығып кеткен азаматтар да аталмыш пунктке еш қиындықсыз орналаса алады.
Жылыту пункті Веденеева көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында жұмыс істеп тұр. Байланыс нөмірі: 8 (72337) 21447. Пункттің сыйымдылығы – 26 адам. Мұнда келгендерге жылы төсек-орын мен ыстық шай ұсынылады.
Айта кетейік, Алтай қаласынан Өскемен бағытына шығатын жолда көлік қозғалысын шектеу бекеті орнатылды. Жол қызметтері жағдайға байланысты белгілі бір уақыт аралығында бір реттік көлік өткізу ұйымдастырылатынын хабарлады.
Жауапты мамандар қатаң түрде ескертеді: құтқару қызметтерінің нұсқауларын елемеу – өз өміріңізді және басқалардың өмірін қатерге тігумен тең!
Кей азаматтар ескертулерге қарамастан жолға шығып, ауа райының қолайсыз жағдайына тап болып жатыр. Мұндай әрекеттер жол апаттарына душар етіп, көлік кептелістеріне әкелуі мүмкін және адам өміріне қауіп төндіретіні де рас.
Жолға шығуды жоспарлаған азаматтардан қарапайым, алайда аса маңызды ережелерді қатаң сақтауға тиіс:
1) Ауа райы жағдайын және жолдардың ашықтығы туралы ақпаратты алдын ала тексеру;
2) Шектеу енгізілген бағыттарға жолға шықпау!
3) Құтқару қызметтерінің барлық ескертулерін сақтау.
Өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтаңыз!