KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, З
530.24 543.97 5.16

ШҚО-да туберкулез көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді

Кеше, 15:00 120 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай жақсарғаны байқалды. Аурудың жаңа жағдайлары мен бактерия бөлетін рецидивтер саны азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жыл бойы бактерия бөлетін туберкулездің 121 ошағы тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17,7%-ға төмен (147 ошақ). Оның ішінде 97-сі жаңа ауру жағдайы, ал 24-і қайталанған жағдайлар. Өткен жылы жаңа жағдайлар саны 107 болса, қайталанғандары – 40 болған, – деді Сәуле Слямғазина.

Туберкулезбен күресудің негізгі әдістерінің бірі – ауруды ерте анықтау. 2024 жылы бұл мақсатта Манту сынамасы арқылы туберкулинодиагностика кең көлемде ұйымдастырылды. Жоспарланған 38 181 баланың 36 000-ы тексеруден өтті, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 8,5%-ға жоғары. Тексеру нәтижесінде туберкулездің ерте сатысындағы екі жағдай анықталып, 132 бала туберкулинге оң нәтиже берген. Барлық балаларға алдын алу шаралары уақытылы жасалды.

Жаңа ережелерге сәйкес, әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 41 тексеру ұйымдастырылып, 36 санитарлық-эпидемиологиялық шараларды орындау туралы қаулы шығарылды. Бұзушылықтар анықталған жағдайларда 276 900 теңге көлемінде 5 әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелерге туберкулезге қарсы БЦЖ-вакцинациясын енгізу көрсеткіші де жоғары деңгейде сақталуда. 2024 жылы бұл вакцинациямен 97,4% бала қамтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз. Ата-аналар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде вакцинадан бас тарту жағдайлары 17%-ға азайды.

Мамандардың айтуынша, облыстағы мұндай оң өзгерістер туберкулезбен күрес шараларының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да ерте диагностика, вакцинация және алдын алу жұмыстары жалғасын табады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу