ШҚО-да өкпе дерті азайып келеді
ШҚО-да туберкулезбен ауру өткен жылмен салыстырғанда азайған. Жыл басынан бергі екі айда туберкулездің 45 жағдайы тіркелді.
2022 жылдың осы кезеңінде 58 инфекция анықталған-ды. Сырқаттанушылықтың 22 пайызға төмендегені байқалады. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Спикердің сөзіне қарағанда, өкпе құртымен сырқаттанушылық көрсеткіші жылданжылға төмендеп келеді.
– Мысалы, 2022 жылы аймақта инфекцияның 317 жағдайы анықталды. Ал оның алдыңғы жылы (2021) 337 жағдай тіркелген. Сонда аурудың 12 пайызға төмендегенін байқаймыз. 14 жасқа дейінгі балалар арасында да аурудың төмендеуі байқалады. 2022 жылы алты, ал 2021 жылы жеті жасөспірімде дерт анықталған болатын, – деді Сәуле Слямғазина.
Сондай-ақ оның айтуынша, өткен жылы облыста туберкулездің бактерия бөлінетін түрі тіркелген 116 ошағы анықталыпты.
Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Райфа Сафиоллинова туберкулездің әлемде таралуына тоқталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жер бетінде 10,6 миллионнан астам адам өкпе құртын жұқтырады. Олардың 1,6 миллионы қайтыс болады. Сол себепті Кох таяқшасы әлі күнге алаңдататын аурулардың қатарында. Райфа Сафиоллинова бұл қауіпті ауруды жою үшін облыста барлық жағдай жасалғанын,ресурстар жеткілікті екенін атап өтті. Бас дәрігер елімізде туберкулездің алдын алу нәресте өмірге келген сәттен басталатынын айтты. 2-4 тәулікте жаңа туған қазақстандықтарға БЦЖ екпесі егіледі. Бұл сәбиде осы дертке өмір бойы жететін иммунитет қалыптастырады.
Облыста туберкулезді анықтау үшін Кох таяқшасын екі сағат ішінде анықтайтын «Дженэксперт» аппараттары пайдаланылады. Біздің өңір диагностиканың осы жеделдетілген түрімен жеткілікті жабдықталған және ол әрбір шығысқазақстандыққа қолжетімді. Облыстың шалғай аудандарының тұрғындары Алтай, Шемонаиха, Күршім, Ақжардағы аудандық орталық ауруханаларда молекулярлықгенетикалық әдіспен тексеруден өте алады. Бұл аппараттарды алу үшін безгек, АИТВ және туберкулезге қарсы жаһандық қор үлкен қолдау көрсетті. Рентгенологиялық зерттеу өкпе тіндерінің зақымдану орны мен көлемін анықтау үшін қолданылады. Қазақстандықтар үшін туберкулезді диагностикалау және емдеу ТМККК шеңберінде тегін екенін естеріңізге сала кеткіміз келеді.