KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 4 м/с, В
524.75 540.6 5.12

Кох таяқшасы әлі де әлемді шарлап жүр: ШҚО-да туберкулезді қалай емдеуде?

Фото: pexels.com

18.12.2024, 19:15 53 Гульжан Мусина

Әлемдік қауымдастықтың, соның ішінде Қазақстанның атқарған орасан зор күш-жігеріне қарамастан, туберкулез әлі де көптеген адамның өмірін алып кетуде, әсіресе ең осал топтар арасында, бұл қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі болып қалуда, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.

МӘСЕЛЕ ӘЛІ ДЕ БАР

Шығыс Қазақстан облысында туберкулез ауруы – әлі күнге дейін ең күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы жылдың алғашқы екі айында ШҚО аумағында туберкулезбен 45 адам ауырып, аурушаңдық деңгейі 2023 жылмен бірдей қалып отыр.

Ел деңгейінде болса, қаңтар-ақпан айларында Қазақстанда 1 259 адам туберкулезге шалдыққан.

Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазинаның айтуынша, ШҚО-да туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың деңгейінде қалды. Алайда республика бойынша туберкулездің аурушаңдығы 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,72%-ға артқан.

– Айта кетейік, жыл сайын республикада туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы жақсарып келеді. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда 7 158 жағдай тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6 899-ға жетіп, 5,6%-ға төмендеді. Шығыс Қазақстан облысында да ұқсас жағдай: 2022 жылы ШҚО-да 320 жағдай тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 311-ге төмендеп, 2,7%-ға азайған, – деп қосты Сәуле Слямғазина.

Дегенмен, Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігерінің орынбасары Болатбек Елшібековтің айтуынша, ШҚО-да туберкулез ауруы республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болып отыр. Егер Қазақстанда бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға 47 болса, ШҚО-да 100 мың тұрғынға 55,7 деңгейінде тұр.

– Ал егер динамикаға қарасақ, 2015 жылдан 2023 жылға дейін ШҚО-да туберкулез ауруы 29%-ға, өлім-жітім 59,2%-ға, ал балалар арасында аурушаңдық 68,1%-ға азайған. Алайда, 2015 жылдан 2023 жылға дейін туберкулездің таралуы ШҚО-да 42,5%-ға төмендегенімен, ол әлі де республика бойынша орташа деңгейден жоғары болып отыр, – деп атап өтті Болатбек Елшібеков.

ЕРЕКШЕ НАЗАР БАЛАЛАРҒА АУДАРЫЛЫП ОТЫР

Сәуле Слямғазинаның айтуынша, 2023 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулез ауруының көрсеткіші 3,8% құраған. Осы кезеңде профилактикалық тексерулер кезінде аурудың алты жағдайы тіркелген.

Жасөспірімдер арасында өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда туберкулезбен үш адам көп ауырып қалған. Өткен жылы тіркелген бес жағдайдың үшеуіне диагноз профилактикалық тексеру кезінде қойылды, екі жасөспірімге туберкулез емдеуге жүгіну кезінде анықталды.

Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында бактерия бөлетін 147 туберкулез ошағы анықталып, дезинфекция жасалды, оның ішінде 107 жаңа ошақ, 40 ошақта аурудың қайталануы тіркелген.

Осы уақытта облыста 1 453 байланыста болған тұлға анықталды, олардың 432-сі – балалар мен жасөспірімдер. Әрбір жағдайға орта есеппен 4,6 байланысқан адамнан келеді. Барлығы туберкулезді жоққа шығару немесе растау үшін қажетті тексеруден өтті.

Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы флюорографиядан 347 682 адам өтті, бұл жоспарланғаннан 97,6%-ды құрайды. Бұл 220 адамға диагноз қоюға көмектескен. Балалар мен жасөспірімдер арасында 34 686 адам тексерілді, жоспар бойынша 39 929. Манту сынамасы 6 747 баланың (19,5%) гиперергиялық реакциясын және туберкулин реакциясын анықтауға көмектесті.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН ЖӨН

Туберкулезды алдын алу бойынша ең тиімді профилактикалық шаралардың бірі – әлі де болса иммунизация. Жаңа туған нәрестелер алғашқы БЦЖ вакцинациясын туылғаннан кейін екінші-төртінші күні, яғни перзентханада алатын болады.

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында туберкулезге қарсы 8 650-ден астам бала егілді, бұл осы кезеңде туылған балалардың жалпы санының 97,5%-ын құрайды. 222 бала объективті себептермен вакцинациядан өтпеді. Мысалы, 98 жаңа туған нәрестеге (44%) уақытша медициналық қарсы көрсетілім берілген, 80 нәрестенің ата-аналары әртүрлі себептермен, оның ішінде діни сенімдеріне байланысты вакцинациядан бас тартты. Сонымен қатар 89 бала, вакцинация алмағандары, кейінірек, тұратын жері бойынша емханаларда вакцинацияланды.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, туберкулезге қарсы вакцинацияны жаңа туған нәрестелерге немесе мүмкіндігінше ерте жүргізу туберкулезді жою стратегиясының бірінші тобының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әлемдік деңгейде жоғары қамту (90%) және БЦЖ вакцинасын нәрестелерге жоспарлы вакцинациялау туберкулезден болатын өлім-жітімнің алдын алуы мүмкін деп есептелген. Сонымен қатар, зерттеулер БЦЖ вакцинасын қайта вакцинациялаудың туберкулезге қатысты минималды пайдасын немесе пайдасының жоқтығын көрсетті, – деп хабарлады Сәуле Слямғазина.

Осы себептермен 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда алты-жеті жасар балаларға туберкулезге қарсы ревакцинация тоқтатылды.

ЕМДЕЛУДЕН ҚАШУ – ҚАТЕРЛІ

Дегенмен, вакцинацияға қарамастан, туберкулезбен инфекция жұқтыру қауіпі әрқашан сақталады. Бұл жағдайда науқасты емдеу тек қажет емес, міндетті де. Тіпті сот шешімімен мәжбүрлі емдеу де болуы мүмкін.

«Қуат» қоғамдық бірлестігінің координаторы Елена Паплевканың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында туберкулезбен ауыратындардың амбулаторлық емдеуді үзу жағдайлары жиі кездеседі, бұл оларды да, айналасындағыларды да қауіпті жағдайға қояды. Болатбек Елшібековтың айтуынша, емдеуді үзу қауіпті, өйткені туберкулез өте төзімді түрге айналып, оны емдеу өте қиын болады.

– Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған фтизиатриялық және пульмонологиялық қызметтерді дамыту картасының басты бағыттарының бірі – торакулярлық хирургияны дамыту. Осы жол картасын жүзеге асыру аясында біздің хирургтар Қазан қаласында және Санкт-Петербургтегі Павлов атындағы медициналық университетте туберкулезді хирургиялық емдеудің заманауи минималды инвазивті эндоскопиялық әдістері бойынша шетелде біліктілікті арттырды. Кейіннен жаңа заманауи әдістер күнделікті тәжірибеге сәтті енгізілді, – деді Болатбек Елшібеков.

ДЕНСАУЛЫҚ ТІЛЕЙМІЗ!

Сонымен қатар, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары атап өткендей, облыс әкімдігінің қолдауымен 2024 жылдан бастап Өскеменде табыс көзін растаусыз ай сайынғы әлеуметтік төлемдер төлеу басталды. Осылайша, 2024 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік көмек 141 науқасқа 6,09 миллион теңге көлемінде көрсетілді.

Оның айтуынша, фтизиаторлардың аудандық және қалалық әкімдіктермен тығыз өзара әрекеттестігі туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсетуді 2021 жылы 61,4%-дан 2023 жылы 99,7%-ға дейін арттыруға әкелді. Барлығы 37,9 миллион теңге бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 89,5%-ға көп.

– «Туберкулез» компоненті бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлудегі көмек үшін ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа алғысымызды білдіреміз, – деп қорытындылады Болатбек Елшібеков.

Шығыс Қазақстан облысында қабылданып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары науқастарға отбасындағы қаржылық қиындықтарға қарамастан үзіліссіз толық емделу кезеңін өтуге көмек көрсетуге тиіс.

Екатерина Гуляева

Аударған – Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу