Ұлттық ұлан ардагерлері мектептерде ерлік сабақтарын өткізуде
Тәжік-ауған қақтығысына қатысқан Ұлттық ұлан ардагерлері Өскемен қаласындағы бірнеше мектепте ерлік сабақтарын өткізуде,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Олар жиырмадан астам білім ошағына барып, оқушыларға тәжік-ауған қақтығысындағы жауынгерлік қызметтің қиын да сұрапыл сәттерін баяндады. Сабақ барысында ардагерлер өздерінің құқықтық-тәртіп әскеріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, мақсатқа жету үшін мінез бен тәртіптің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Арнайы шақырылған меймандар оқушыларға азаматтық парыз саналатын Отан қорғау мамандығының артықшылықтарын түсіндіріп, елінің патриоты болуға үндеді.
Мектеп оқушылары мұндай шаралардың жиі өткізілгенін қалайды. Әсіресе, өмірін әскермен байланыстыруды жоспарлаған бозбалалар үшін ардагерлерден пайдалы кеңес алу – үлкен мүмкіндік.
Шара барысында қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник Олег Фролов та сөз сөйлеп, ауған соғысының тарихы мен әскери құндылықтарына тоқталды. Аға буын үшін жас ұрпаққа терең білім беріп, патриоттық рухта тәрбиелеу – басты мақсаттардың бірі болып қала бермек.
Айта кетейік, биыл тәжік-ауған қақтығысына 30 жыл толып отыр. Бірлігі жарасқан ардагерлер осы атаулы датаға орай ауқымды шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі