ШҚО-ның жас инноваторлары хакатонда жеңіске жетті (видео)

2024 жылғы 18-19 қазанда еліміздегі ең ірі IT-бәйгелердің бірі Decentrathon республикалық хакатоны өтті. Іс-шараны Blockchain & AI Technology Center және Astana Hub ұйымдастырды. Хакатонға Қазақстанның 17 өңірінен, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан 2500-ден астам қатысушы жиналды.
Decentrathon хакатоны жас IT-мамандарға инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға қажетті ресурстар, білім және қолдау көрсетуге бағытталған. Қатысушылар 48 сағат ішінде өзекті мәселелерді шешуге және болашағы зор технологиялық өнімдерді жасауға арналған жобаларды әзірледі.
Солардың бірі — LIFT платформасы. Бұл әзірлеушілерге арналған микрооқыту алаңы, онда пайдаланушылар смарт-келісімшарттар мен блокчейн технологиясын меңгеріп, тапсырмаларды орындау және байқауларға қатысу арқылы токен таба алады. Code-2-Earn жүйесі мен жеке ұсыныстар механизмі оқыту процесін қолайлы әрі ынталандырушы етеді.
Хакатон қорытындысы бойынша бірінші орынды Шығыс Қазақстаннан келген DOGS командасы жеңіп алды. Команданың капитаны Александр Данилович Комагоров – талантты блокчейн-әзірлеуші және стартапер.
Айта кетерлігі, Александр – Oskemen Hub-тың Startup Garage инкубациялық бағдарламасының алғашқы түлегі. Бұл оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, аталған бағдарламаның тиімділігі мен IT-мамандарға берер мүмкіндіктерінің мол екенін дәлелдейді.
Decentrathon хакатоны еліміздегі цифрлық технологияларды дамытуға жасалған маңызды қадамдардың бірі болды. Ол жас мамандарға өз идеяларын жүзеге асыруға, таланттарын көрсетуге және Қазақстанның IT-экожүйесінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік берді.