KZ
Өскемен
-13°
туман жел 1 м/с, Ю
521.6 534.27 5.25

«УКа Трубтех» жаңа бағытты игере бастады

Бүгін, 12:33 44 Төлеуғазы Жансая

Былтыр күзде жұмысын бастаған «УКа Трубтех» ЖШС-не қарасты кәсіпорынның өрісі кеңейіп келеді. Бүгін полиэтилен құбырларын шығаруға машықтанған өндіріс орнында тағы бір цех іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, алғашында бұл кәсіпорыннан су мен жылу құбырлары ғана шығарылады деп жоспарланған. Алайда, уақыт өте келе өзге мақсаттарға қажет өнімді де өндіруге болатынына көзі жеткен кәсіпорын басшылығы тың бағытты бетке алыпты.  
Кәсіпорын басшылығының хабарлауынша, қосымша цехта энергетика саласының кабельдік жүйелерін қорғауға бағытталған үш қабатты құбырлар өндірілетін болады.

– Біз диаметрі 400 миллиметрге дейін жететін құбырлар жасап шығарамыз. Мәселен, су құбырларына келетін болсақ, тәулігіне шамамен 3 500 метр құбыр өндіруге қауқарымыз жетеді. Бүгін тағы бір бағыттағы жұмысты бастап отырмыз. Энергетика саласына қажетті құбырларымыздың басты артықшылығы – олар отқа төзімді материалдардан жасалады. Яғни, мұндай құбырлар жанбайды. Оның үстіне, құбырдың сыртқы қабаты түрлі физикалық әсерге, жоғары қысымға төтеп беретіндей етіп жасалған. Жалпы, күніне осындай құбырдың 1 100 метрін шығара аламыз, – дейді «УКа Трубтех» ЖШС бас директорының орынбасары Тұрсынбек Мұсаханов.

Кәсіпорын басшылығы хабарлағандай, зауыт Шығыс Қазақстанның ғана емес, көршілес өңірлердің де сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы. Өнімі де жоғары сапалы, өндірісте заманауи технологиялар ғана қолданылады. Айта кетейік, қазір облысымызда осы бір бағытта жұмыс жүргізетін басқа кәсіпорын жоқтың қасы. Тіпті, республикамыз бойынша полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт саусақпен санарлықтай ғана екен.
Жаңа кәсіпорыннан жылына шамамен 3 600 тонна өнім шығарылады екен. Болашақта бұл көрсеткішті бес мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

– Облысымызды қажетті өніммен толықтай қамтуға шамамыз жетеді. Ал болашақта республикамыздың өзге өңірлерінің нарығына шығуды да көздеп отырмыз. Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайту қажет болады. Мұндай қадамға да дайынбыз. Жалпы, алдағы уақытта қосымша цехтар ашып, жұмысшыларымыздың санын арттыруды жоспарлаудамыз, – дейді ол.

Осы ретте қазіргі уақытта өндіріс орнында 25 адам жұмыспен қамтылғанын айту керек.

Нұржан Кенжеұлы

фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу