Тасқынға – тосқын: ШҚО-ның Зайсан ауданында кешенді шаралар қолға алынған
ШҚО-ның Зайсан ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар қолға алынып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдардың мүмкін болар қарғын суға дайындығын облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңадан тағайындалған ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов Зайсан ауданының активімен кездесіп, жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелерді талқылады.
Көктем жақындаған сайын су тасқыны қаупі де артып келеді. Осыған байланысты Ерлан Текешов Зайсан қаласындағы Жақсылықов көшесі мен Қасқа жол учаскесін (Зайсан – Жаңатұрмыс бағыты), сондай-ақ Дайыр мен Айнабұлақ ауылдарының маңын аралап, алдын алу шаралары қалай жүріп жатқанын тексерді.
Аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіков төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары туралы баяндап, тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Кездесуде инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыға салынды.
Ерлан Текешов Зайсан қалалық емханасы ғимаратының қазіргі сын көтермейтін жағдайымен де танысты. Атап өтерлігі, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін жаңа емхана салу мүмкіндігі қаралып жатыр.
Жергілікті билік денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында өз ұсыныстарын білдірді. Алдағы уақытта бұл мәселе жан-жақты қарастырылып, тиісті шешім қабылданбақ.
Ержан Әбіш