ШҚО әкімі жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырды
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев бүгін өткен кезекті әкімдік отырысында жуырда тағайындалған ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешовті және Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовты таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерлан Хасенұлы Текешов – Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тумасы. Ерлан Хасенұлы еңбек жолын 1982 жылы бастаған. Ол әр жылдары геолог, Сауда және қызмет көрсету департаментінің штаттан тыс инспекторы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Іс басқармасы» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, құрылыс бөлімін басқарды. Кейін Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы болды.
Ерлан Текешов Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары, Тарбағатай ауданының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «ШығысЭнергоТрейд» ЖШС-нің бас директоры қызметтерінде жұмыс істеген.
Руфат Акрамов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы әрі құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар білікті маман. Ол әр жылдары Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, құрылыс және қаржы бөлімдерін басқарған.
Сонымен қатар ол Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы, цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы, сондай-ақ "ШҚО өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев тағайындалған басшылардың жоғары кәсібилігін және мол жұмыс тәжірибесін атап өтті.
Фото: Махаббат Ахметжанова