Зайсан ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Барлық ауылдық округте су тасқыны кезеңінде атқаратын іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыс топтары құрылып, олардың дербес құрамдары бекітілген. Зайсан ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Аслан Рамазановтың айтуынша, республикалық және аудандық маңызы бар жолдарда орналасқан жеті көпір мен 153 су өткізу құбыры қоқыстан, қар-мұздан тазаланып, бақылауға алынған.
– Көктемгі су тасқыны кезінде қажет болған жағдайда адамдарды орналастыру үшін Зайсан қаласының Дауленов атындағы мектеп-интернаты мен кәсіптік технологиялық колледжінде екі эвакуациялық пункт әзірленген. Бұл мекемелер 350 адамға жететін төсек-орынмен, бірінші қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Оған қоса ауданда 10 шатыр (палатка) бар. 2024 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға арналған ауданның жергілікті атқарушы органының төтенше резервіне қажетті қаржы бөлініп, 80 тонна (40 тонна бензин, 40 тонна дизель) жанар-жағармай қоры әзірленді, - деп атап өтті Аслан Рамазанов.
Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру үшін қор есебінен 2 мыңдай қап және жанар-жағармай ауыл округтерге, Зайсан қаласына бөлінді.
Бұдан басқа 300 тонна инертті материал қоры дайындалған. Сонымен қатар 10 мотопомпа, жергілікті атқарушы биліктен 254 адам, 152 техника сақадай сай тұр.
– Қазір аудан бойынша бір қала мен сегіз ауылдық округте барлығы 16 бөгет бар. Күз, көктем кезінде арнайы комиссия бұл нысандарды ұдайы бақылауда ұстайды. Бұл күні бөгеттердің жағдайы қалыпты. Ауа райының құбылып тұруы себепті жергілікті азаматтық қорғаныс жүйесіне жоғары дайындық режимі енгізіліп, егжей-тегжей жоспарлар жасалды. Соған сәйкес дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін барлық мекемелер, бөлім басшылары, қала, ауылдық округ әкімдері «ЧС Зайсан» ватсап тобына күнделікті жағдайды баяндап, ақпарат беріп отырады, - деді аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы.
Қуаныш Рахметоллаұлы