KZ
Өскемен
-29°
плотный туман жел 1 м/с, С
511.18 530.6 5.28

Бір баланың арманы мың баланың тілегін тыңдауға арқау болды

4.02.2025, 20:20 790 Төлеуғазы Жансая

Бүгін Өскеменде өзгеше кездесу өтті. Өңір басшысы Ермек Көшербаев қалалық №24 орта мектепке арнайы келіп, әкімді көргісі келген дарынды қыз Айзеремен және мектеп ұжымымен жүздесті. Ресми тұлғалармен бейресми форматта, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, көкейдегі сұрақтарын жарыса қойған балалар бір марқайып қалды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Орта мектептегі бұл кездесуге ерекше оқиға түрткі болды. 3 сынып оқушысы Айзере Шыңғысқызы ұзақ уақыт бойы облыс әкімін көріп, онымен естелік суретке түсуді қалаған еді. Әкім бұл тілекті орындап, жас дарынның жетістіктеріне жоғары баға берді. Айзере оқу озаты ғана емес, киокушинкай каратэ мен спорттық-балды билер бойынша жарыстардың жеңімпазы, зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. Ол мектеп өміріне белсене араласып, өз үлгісімен қатарластарын шабыттандырып келеді.
Қалауы орындалған Айзере, өз кезегінде, Астана қаласында Ақ ордада болу бақыты бұйырғанда біздің қала мен облысымызды басқаратын адаммен танысқысы келгенін еске алды. Тілегінің орындалғанын қалаған оқушы  ақ қағазға жазған хатын анасының көмегімен жолдаған. Айзеренің анасы о баста аймақ басшысының тығыз жұмыс кестесінен уақыт табатынына аса сене қоймағандықтан алдын ала қызының беті қайтпауы үшін дайындай бастапты.

- Маған анам «әкім хатқа жауап бермесе өкпелеме, ол кісінің жұмысы өте көп» деп айтты. Бірақ бүгін әкім өзі келді, қаланың басшысын да көрдім. Мен өте қуаныштымын, маған уақыт бөлгеніне көп рахмет айтамын. Облыстың әкімі өте әділ, ақылды кісі екен, - дейді кішкентай Айзере. 

Балалар тарапынан қойылған «Облыстағы ең басты адам болу оңай ма?» деген сұраққа Ермек Көшербаев түсіне білген адамға әр мамандық иесі өз орнында болса сол жердегі «ең басты адам» болуы ықтималдығын атап өтті. 

-Үлкен бастық қатардағы жұмысшылар болмаса не істер еді? Әр зауытта - инженер, мектепте - мұғалім, емханада - медбике де қоғамға қажетті тұтас тірлікті жүзеге асырып отырған басты адамдар, маңызды мамандар, - деп қайырды Ермек Көшербаев.

Бұл кездесу, расымен бұрынғыдан өзгеше болды. Қазақи құрақ көрпелерге малдас құра жайғасқан бүлдіршіндер еркіндігімен, ашық сұрақтарымен, бойларындағы ерекше оптимизммен ел ағаларын баурап алды. Әрине, оқушылар тарапынан дайындалған сұрақтар да, тосыннан қойылғандары да болды. Әсіресе, мектептің залдарын жаңарту мен спорт алаңдарын салып беру туралы өтініштер бойынша аймақ басшысы бала сұрағына бала тілімен жауап беруге тырысты.

- Бір үйде бірнеше бала бар делік және барлығы бірдей жаңа киім, жаңа гаджеттер қалайды. Алайда, біреуінікі ескі де болса әлі іске жарамды, ал енді бірінікі мүлде қолдануға, киюге келмей қалды делік. Отбасы табысына қарай қайсы күттірмейтін жағдай екенін ескереміз. Ал қалған балаға келесі жолы алып береміз дейміз және солай болады да. Мемлекет үшін маңызды нысандарға жағдай жасау мәселелері де дәл солай бір үйдің балаларындай қаралады, - деп жеткізді Ермек Беделбайұлы.

Айта кету керек, бұл мектеп бала саны жағынан қаладағы ең ірі білім ошақтарының бірі болып саналады. О бастағы қуаттылығы 800-ге жуық оқушыға арналған мектеп қабырғасында қазіргі уақытта мың жарымдай оқушы екі ауысымда білім алуда. 0-ден 11-ге дейін 60 сынып оқып жатқан білім ошағында 111 педагог қызмет етеді. Жалпы жұмыс орын 144 адамды құрап отыр. Мектептің ерекше мақтанышы тек жетістігі мол дарынды балалар ғана емес, соңғы үш жылда білімді әскери тәрбиемен ұштастырып келе жатқан кадет сыныптары.
Қазір «орта мектеп» дәрежесінде жұмыс істеп тұрған №24 мектеп ұжымы оқушылардың жан-жақты дағдыларын дамыту мақсатында «мектеп-қосымша білім беру орталығы» мәртебесін алуға ниет білдіруде. Сонда ғана қосымша қызметкерлер алып, сан түрлі үйірмелерді ұйымдастыруға мүмкіндік пайда болады деп отыр мамандар. Бұл сұрақ алдағы уақытта құзырлы басқарма арқылы қарастырылмақ.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу