“Шығыс Жылу” АҚ: "Тосын жағдайға бола тұрғындар жылусыз қалмауы үшін күш саламыз”
Бүгін Өскемен қаласындағы Үлбі кентінде жылу құбырынан шыққан ақауға бола 289 жер үйді жылусыз қалдырмау үшін оқиға орнында жұмыс тобы жөндеу жұмыстарына жедел кірісті. Дәл қазір 5 техника, 2 бригада жұмыс атқаруда. Жөндеу жұмыстары жылу беруге айтарлықтай әсер еткен жоқ, жылу жүйесіндегі қысым қалыпты жағдайда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қаласындағы Үлбі кентінде (Джек Лондон көшесі, УТ-57 және УТ-57А аралығы) жылу желісі бойында жер бетіне ыстық су шығуы анықталды. Қазір қысым қалыпты болғанымен, жөндеу шаралары барысында УТ-55А жылу торабы уақытша ажыратылуға тиіс. Жедел жұмыс шеңберінде жылу беру сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін уақытша тоқтатылады деп жоспарланды.
Қала әкімі Алмат Ақышов оқиға орнына барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жедел бригада күн райына қарамастан оқиға орнында ақауды тез арада жоюға күш салуда.
Жылу энергетика саласының мамандары ауа райы жағдайын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын тез аяқтап, жылу беруді қалыпты режимге оралтпақ.
Жағдай жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында.