Зауыт қызметкерлері медициналық тексеруден өтті
Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті дәрігерлер Өскемендегі электр тарату және басқару құрылғыларын өндіретін «КЭМОНТ» АҚ зауытының қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, мұндай шара аймақта бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Өндірістік қаладағы тұрғындардың басым бөлігі зауытта жұмыс істейтіні белгілі. Сондықтан қоғамдық денсаулықты сақтап, өмір сүру сапасын жақсарту маңызды. Бұған атсалысқан облыстық аурухана, №4 қалалық аурухана мен облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының жетекші мамандары зауыт қызметкерлерін тексеріп-қарады. Тексеру барысында кардиолог, онколог, хирург, травматолог-дәрігерлер алдарына келген әрбір жұмысшымен сұхбаттасып, денсаулық жағдайларын анықтады.
Зауыт қызметкерлерінің ішінде орны бөлек, әрі таптырмас маманның бірі – дәнекерлеуші. Аталмыш салаға 35 жыл ғұмырын арнаған Данияр Карменов өз денсаулығын күтудің маңыздылығын түсініп, әрдайым жіті бақылап отыратынын атап өтті.
Өскемендегі №4 қалалық ауруханадағы кардиология бөлімінің меңгерушісі, кардиолог-дәрігер Альфия Махамбеталиеваның айтуынша, жүрек-қантамыр аурулары бүгінде медициналық-әлеуметтік мәселе. Көптеген зерттеулер жүрек аурулары жастардың арасында жиілеп бара жатқанын көрсетіп отыр. Сондықтан әсіресе, ер адамдарға дәрігерлердің алдына жиі барып, қаралып жүрген абзал.
Жыл сайын 4-ақпанда Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні атап өтіледі. Осыған орай, республика көлемінде 2024 жылдың 1-10 ақпан аралығында онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау бойынша онкүндік өтуде. Онкүндік шеңберінде «КЭМОНТ» АҚ зауытының қызметкерлеріне медициналық тексеру ұйымдастырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жергілікті жердегі басқа да өндіріс орындары өз қызметкерлерін медициналық тексеруден өткіземіз десе, бұл жұмысты қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Арайлым Орсаринова
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Даниил Суворов