KZ
Өскемен
-29°
туман жел 1 м/с, ОШ
511.18 530.6 5.28

Шығыста шаңғы спортынан ашық біріншілік өтті (видео)

Бүгін, 16:19 75 Төлеуғазы Жансая

Облысымыздың ең көркем жерлерінің бірі — «Нұртау» тау шаңғысы курортында Глубокое ауданы әкімінің жүлдесі үшін таулы шаңғы (слалом) және шаңғымен жүгіру жарыстары бойынша ашық біріншілік өтті. Сайыстарда Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астана, Түркістан, Өскемен, Риддер қалаларынан және Глубокое ауданынан келген әуесқой және кәсіби спортшылар бақ сынасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аязды күнге қарамастан, спорт мерекесіне қатысушылар да, оны тамашалаушылар да көп жиналды. Жарысқа қатысушыларды Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Евгения Литвиненко құттықтап, сәттілік тіледі.

– Бүгінгі аязға қарамастан, шаңғы жарысына қатысып, елімізде бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жатқандарыңызға рахмет. Сайысқа еліміздің әр өңірінен спортшылар келіп отыр. Жүлде қоры да қомақты. Осы біріншілікті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен барлық тұрғындарға, демеушілерге алғысымды білдіремін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Евгения Литвиненко.

Глубокое ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Расул Мехлисовтың айтуынша, жарыс күрделі әрі трасса да оңай болмаған. Соған қарамастан, шаңғы жарысына екі облыстан және бірнеше қаладан жүзге жуық қатысушы өтініш берген. Жарыстарға 18 жастан асқан спортшылар қатысты. Ең жасы үлкен қатысушы – 66 жаста. Әйелдер 5 шақырым, ерлер 10 шақырым қашықтықта таулы шаңғы және шаңғымен жүгіру жарыстарында бақ сынады.

– Мен таулы шаңғы бойынша жарысқа қатысамын. Бұл спорт түрімен 18 жасымнан бері айналысып келемін. Әуесқой спортшылар арасында ұйымдастырылатын шаңғы жарыстарынан қалмаймын. Бұрын «Достық кубогы» жарыстары өтетін, сол сайыстарда әуесқой спортшылардың үздік ондығына енгенім – мен үшін үлкен жетістік, – деп күледі Глубокое ауданының өкілі Станислав Джерихов. – Бұл ең алдымен – достармен кездесу, уақытты пайдалы әрі қызықты өткізу, белсенді демалысты насихаттау. Сондықтан да жарыстардан қалмауға тырысамын.

Өскемендік Айдын Мұхитов табиғат аясында серуендеп, салауатты өмір салтын ұстану мен денсаулықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

– Соңғы төрт-бес жылда шаңғы теуіп, отбасымызбен қысқы таза ауада серуендеуді әдетке айналдырдық. Осындай спорт мерекесінің ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Бүгін әріптестерімізбен бірге келдік, – дейді Айдын Мұхитов.

Глубокое ауданы Бобровка ауылдық округінің әкімі Арна Дандыбаев жарыстың басты мақсатын атап өтті:

– Жарыстың мақсаты – қысқы спорт түрлерін және белсенді демалысты насихаттау, қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру, сондай-ақ аудан тұрғындарын шаңғы спортына баулу. Сонымен қатар, ауданымыз бен «Нұртау» курортының туристік тартымдылығын арттыруды көздеп отырмыз. Осындай жарыстарды көрген жастарымыз да спортқа көбірек ден қояды деп сенеміз, – деді ол.

Глубокое ауданы әкімінің жүлде қоры 1 200 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер (ерлер мен әйелдер жеке есеп бойынша) ақшалай сертификаттар мен медальдарға ие болды.

Жарыстар Глубокое ауданы әкімдігі, «NT Travel» ЖШС және ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Спорт мерекесіне келген қонақтар үшін жылы шатырларда дастархан жайылып, ыстық шай ұсынылды. Қысқы спорт әуесқойларының ешқайсысы суыққа тоңбағанына сенімдіміз. Олар «Нұртау» курортының ерекше атмосферасынан ләззат алып, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалап, жаңа күш-қуатпен тарқасты.

Айна Ескенқызы

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу