ШҚО-да дуальды оқытудың өзекті мәселелері талқыланды (видео)
Бүгін Өскемен қаласындағы Кәсіптік білім беру орталығында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуальды оқыту формасы: негізгі аспектілері, сипаттамалары мен перспективалары» атты өңіраралық семинар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Семинардың мақсаты - еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістер жағдайында мамандарды даярлау сапасын арттыру құралы ретінде дуальды оқытудың өзекті мәселелерін талдау және тәжірибе алмасу.
Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, өткен жылы кәсіптік білім беру жүйесінде 4936 студент оқуын аяқтап, оның 4275 жұмысқа орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастық және оқытудың дуальды жүйесі шеңберінде кадрлар даярлау оң әсерін тигізуде.
Бүгінде облыстық білім басқармасы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 44 мамандық бойынша 5 мыңнан астам студентті қамтитын 27 колледжде «Казцинк» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС, «Риддер орман шаруашылығы» КММ және тағы да басқа жетекші кәсіпорындармен серіктестікте дуалды оқыту жүйесі бойынша кадрлар даярлауда.
Студенттерге бағдарлама негізінде кәсіпорындарда өтетін іс-тәжірибе үшін 150-200 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленіп, колледжді бітіргеннен кейін олар жақсы дайындықпен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Семинар барысында Өскемен құрылыс-техникалық колледжінің «Колледж – кәсіпорын» ынтымақтастығы шеңберінде шеберлік сыныптары мен оқу шеберханаларына виртуалды экскурсия жүргізіліп, қатысушылар өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, дуальды оқыту – бұл теория мен практиканы біріктіріп, студенттерге кәсіби білім мен дағдыларды нақты өндіріс жағдайында меңгеруге мүмкіндік беретін оқыту жүйесі.
Бұл әдіс студенттерді еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде даярлауға мүмкіндік береді.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Аяужан Утеулинова