KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, СБ
502.47 525.83 5.68

Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудің жаңа мүмкіндіктері қарастырылды

Кеше, 11:50 189 Төлеуғазы Жансая


Өскемендегі №46 орта мектепте алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан қолбасшылығы, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің өкілдері, мектеп директорлары мен әдіскерлер қатысты.

Конференция аясында Қарулы Күштердің қару-жарағы, әскери техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Әсіресе оқушылар үшін дрондар мен робототехника ерекше қызығушылық тудырды.

– Конституциямыздың 36-бабы бойынша Отан қорғау – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан біз оқушылардың патриоттық сезімін оятып, оларды елімізді қорғауға баулитын мұғалімдердің біліктілігін арттыруымыз керек. Қазіргі әскери дайындық тек қару ұстаумен шектелмейді, ол заманауи технологиялармен жұмыс істеуді де қамтиды. Бүгінде оқушылар үшін виртуалды мергендік жаттығулар мен әскери тактикаға арналған интерактивті бағдарламалар бар. Мұндай құралдар сабақтарды қызықты әрі тиімді етеді, – деді Қорғаныс министрлігі “АСЗО” АҚ қорғаныс зерттеулері департаментінің бас сарапшысы, полковник Ерлан Закиев.

Конференция барысында арнайы шақырылған сарапшылар әскери-патриоттық тәрбие берудің өзекті мәселелерін талқылап, үздік әдістемелермен бөлісті. Сондай-ақ, мектептің әскери дайындық пәні мұғалімі 10-сынып оқушыларымен бірге саптық дайындық бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шара Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің оркестрі, мектеп оқушылары мен ұстаздары ұсынған мерекелік концертпен аяқталды.

Айна Ескенқызы

Фото/видео: Данияр Сагидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу