ШҚО-да жастарға арналған әскери-патриоттық акция өтті (ВИДЕО)
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің жағымды имиджін қалыптастыру мен әскери қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ жастарды әскери борышын орындауға ынталандыру, азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында Өскемен және Алтай қалаларында ақпараттық-үгіт іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында үгіт-насихат тобы "Жаңа Қазақстанның тірегі - айбынды жастар" әскери - патриоттық акциясын өткізді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
"Жас сарбаз" тәрбиеленушілерімен, мектеп оқушыларымен және колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери оқу орындарына түсу, әскери есепке алу және әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу мәселелері талқыланды, әскери қызмет туралы заңнаманың негізгі ережелері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында қызмет өткеру борышы түсіндірілді.
Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы "Ертіс Концертте" экспонаттар көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырлары мен ауған жауынгерлерінің тарихи құндылығы бар жәдігерлері, жеке заттары, әскери құрал-жабдықтары мен басқа да материалдар көрсетілді. Әскери бөлімдер Ұлттық Ұланмен бірлесіп, қару-жарақ пен әскери техниканың, атыс қаруының көрмесін өткізді.
Сонымен қатар отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жатқан жас сарбаздар марапатталып, ата-аналарына да құрмет көрсетілді.
Шара соңы концертке ұласып, көрермендер ҚР ҚМ Орталық ансамблінің өнерін тамашалады.