Өскеменде балық өндіру саласы өркендеп келеді (видео)

Фото: depositphotos.com
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Ново-Троицкое ауылындағы «Shigys Universal» ЖШС-нің балық өсіру және өңдеу шаруашылығымен танысып, кәсіпорынның даму барысын жоғары бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменнің іргесінен 2017 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі қызметі – балық өндіру, әсіресе бақтақ, көкшұбар, аққайран өсіру. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1 мың тонна балық өндіруді көздейді, бұл көрсеткішке 2030 жылға дейін жету көзделген.
Бүгінде шаруашылықта 60 тор орнатылған, 20 жұмыс орны ашылған. 2023 жылы 600 тонна балық өсірілді. Кәсіпорын өнімін облыс аумағында сатып, халықты сапалы әрі балғын балықпен қамтуда.
Кәсіпорынның басты артықшылықтарының бірі – толық өндірістік цикл. Өскемен қаласындағы өз цехында өсірілген балық өңделеді. Өнім ассортиментіне салқындатылған, ысталған және тұздалған балық, кептірілген өнімдер, филе, стейктер, балық сүбесі және сорпа жиынтықтары енеді.
Негізгі қызметтен бөлек, кәсіпорын демалыс аймағын дамытуға да көңіл бөлуде. Шаруашылық аумағында демалыс аймағы жабдықталған, онда келушілер табиғат аясында уақыт өткізіп, демалыс үйлерін жалға алып, балық аулап, қайықпен серуендеп, экскурсияларға қатысып, балық өсіру процесімен таныса алады.
Сонымен қатар кәсіпорынның тағы бір маңызды бағыты – инкубациялық цех. Бұл цехтың арқасында балықтардан шабақ алынады. Цехтың әлеуетті қуаты – жылына 100 млн-ға дейін арқан және ақсақа тұқымдас балықтардың шабақтарын алу.