KZ
Өскемен
+17°
пасмурно Штиль
472.57 508.34 5.4

Шығыстың балығы Еуропаға экспортталып жатыр

2.07.2024, 14:14 61 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс өңірі өзен-суларға, айдынды көлдерге бай. Бұл аймақтағы ірі су қоймаларында өнеркәсіптік балық аулауға, балық қорын уақтылы молайтып отыруға, сондай-ақ көл, тоған шаруашылықтарында бағалы және сирек кездесетін балық түрлерін өсіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– 2030 жылға қарай облысымызда жыл сайын 10 мың тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарда бар, оның ішінде 8 578 тонна албырт, 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре балығы бар, – деп атап өтті облыс әкімі Ермек Көшербаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өңірде қолдан өсірілген тауарлық балық көлемін ұлғайту «Шығыс универсал»  және «Гранд Фиш» деп аталатын екі ханбалық (форель) шаруашылығының өндірісін кеңейту арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ дәл осындай балық шаруашылықтарын Бұқтырма су қоймасының таулы бөлігіндегі жеті учаскеде жаңадан құру есебінен іске асыру жоспарда бар.

Шығыс Қазақстанның Еуропа елдеріне балық өнімдерін экспорттаудың айтарлықтай тәжірибесі мен әлеуеті бар. Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда облыста тауарлық балық шаруашылығына, албырт және бекіре тұқымдас балықтарға жем өндіруге, сондай-ақ сирек кездесетін және бағалы балық түрлерінің популяциясын сақтауға ерекше назар аударылатын болады.

Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері «Гранд Фиш» ханбалық шаруашылығы өндірісіне барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.

«Гранд Фиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылы құрылып, пайдалануға берілген. Кәсіпорын иелігінде 2027 жылға дейін жалға алынған Өскемен су қоймасындағы балық шаруашылығы кәсіпшілік учаскесі бар. 2021 жылы ол жерге диаметрі әртүрлі 50 тор орнатылды, жылына екі миллион дана ұрықтандырылған албырт уылдырығын өндіруге әлеуетті инкубациялық цех салынып, пайдалануға берілді. 

Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – тауарлы балық өндіру. Қазіргі уақытта мұнда балық өнімдерін өндірушілерге қажетті шикізатты өсіріп, жеткізіп отыр. Мәселен, 2022 жылы қайта өңдеуге 321,5 тонна шикізат жеткізілген, оның ішінде 270 тоннасын облыс орталығындағы «ТПО АС» кәсіпорны қабылдады. Дайын өнімдер облыс пен еліміздің ішкі нарығында көптеп сатылады, сонымен қатар Ресей Федерациясына экспортқа шығарылып жатыр. Нарыққа жол тартқан дайын өнімдердің қатарында салқындатылған, ысталған, тұздалған, кептірілген балық өнімдері, оның ішінде сүбе ет, уылдырық, стейк, сорпаға арналған ет және тағы да басқа түрлері бар.

– «Гранд Фиш» кәсіпорны тауарлы балық – құбылмалы ханбалық өсіру бойынша балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындаушылардың бірі болып саналады. Былтыр мұнда 800 тонна тауарлық балық өсірілді. Биылғы жоспар 460 тонна деп отырмыз. 2030 жылға қарай кәсіпорын жылына 1 200 тонна құбылмалы ханбалық өсіру жобалық қуатына шығуға ниеттіміз, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Мерхат Әміров.

«Гранд Фиш» ЖШС директоры Александр Соболевскийдің айтуынша, кәсіпорында қырық жұмыс орны ашылған. Ұжым өте тату, әр маман өз ісінің шебері.

- Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қолдауымен былтыр балық шаруашылығының шығындарын өтеу бойынша субсидиялауға облыстық бюджеттен 8 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл әрине әртүрлі бағытта дамуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сайтта спорттық және әуесқой балық аулау қосымшасы бар. Қаланың тұрғындары мен қонақтарын біздің балық шаруашылығымызға келуге шақырамыз, – дейді Александр Соболевский.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив