KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
501.28 526.19 5.86

Өскеменде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр (видео)

Бүгін, 14:10 107 Әбішев Ержан


Бұл жолы сенбілік «Нұрлы жол» саябағында өтті. Депутаттар, партия мүшелері және белсенді жастар қар мен қоқыс жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Акция барысында басты назар аударылған орындардың бірі «Тәуелсіздік стелласы» болды. Шараға Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығы бастауыш партия ұйымының өкілдері мен Amanat партиясы жастар қанатының мүшелері қатысып, қоғамдық демалыс аймағындағы жаяу жүргінші жолдары мен кіреберіс жолдарды қардан тазартты.

– Әр бейсенбі сайын осындай сенбіліктер өткізіп, тазарту үшін жаңа аумақтарды таңдаймыз. Бұл – тек қаланы көркейту ғана емес, жастарды еңбекке баулып, қоғамдық кеңістіктерге деген ұқыпты көзқарасты қалыптастыратын маңызды бастама, – деді Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светаш.

Бұл жолы сенбілікке 30-дан астам адам қатысты. Алдағы жоспар – балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын тазартып, көктемнің алғашқы күндерінде тұрғындардың пайдалануына жағдай жасау. Сондай-ақ акция аясында тек қар тазалау ғана емес, оны сыртқа шығару да қолға алынған, бұл өз кезегінде су тасқыны қаупін азайтуға көмектеседі.

Сонымен қатар акция шеңберінде Людмила Горбушина есімді зейнеткерге де көмек көрсетілді. Ол партияға үйінің ауласындағы қарды тазартуға өтініш білдірген еді.

– Жалғыз тұрамын, ал ауладағы қар үйінділері үлкен қиындық тудырды. Көмекке келген волонтерлерге алғысым шексіз, олар ауламды тазалап, шатырдағы қарды да түсірді! – дейді Людмила Григорьевна.

Жыл басынан бері бұл акция сегізінші рет өткізілуде. Шығыс Қазақстанда оған апта сайын 300-ден астам адам қатысады. Айта кетейік, өткен жылы өңірде «Таза бейсенбі» аясында 40-тан астам сенбілік ұйымдастырылып, оған 12,5 мыңнан астам адам қатысқан.

Фото: Аяужан Утеулинова

Видео: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу