Өскеменде «Таза Бейсенбі» акциясы жалғасын табуда
Облыс орталығының тұрғындары кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына қатысты. Бұл жолы қаладағы екі бірдей жоғары оқу орнының студенттері тазалық акциясына қатысып, Самал саябағы аумағын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастырумен қолға алынған тазалық науқанына қатысушылар Самал саябағына жақын маңдағы Карбышев пен Виноградов көшелерінің қиылысындағы аумақты тазалады. Экологиялық акцияға белсене атсалысқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Карбышев көшесінің бойынан қоқыс қалдықтарын шығарса, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Серікбаев көшесі бойындағы жағалау маңын қоқыстан тазартты.
Бұл жолы экологиялық науқанға 200-ден астам қала тұрғыны қатысып, 40 гектарға жуық аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізген. Тазалық акциясына қатысушылардың қатарында «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері, депутаттар, бастауыш партиялық ұйымдардың мүшелері, қала тұрғындары және студенттер бар.
Айта кетейік, бұл шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр.
Ақмарал Мұхтарбекова