KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
522.91 548.85 5.05

Ұстаз есімі ұлықталды

Бүгін, 20:00 43 Гульжан Мусина

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында даңқты ұстаз, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі, профессор Қанипа Бітібаеваның 80 жылдық мерейтойы өзі білім алған қара шаңырақ - Абай атындағы орта мектебінде айрықша аталып өтті, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.

Тарбағатай аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұлдыз Байсалбаеваның айтуынша, «Қ.Бітібаеваның әдебиет әлеміне салған дара жолы» тақырыбындағы әдістемелік семинарға облыс көлеміндегі, атап айтқанда Глубокое, Самар, Риддер, Марқакөл, Ұлан, Шемонаиха, Күршім және Өскемен қаласынан Қ.Бітібаева атаулы зертхана филиалдарының жетекшілері, Тарбағатай ауданының пән мұғалімдері мен жас мамандар да қатысты. Қадірлі қонақтардың қатарында ұстаздар династиясының өкілдері - Жаңыл, Бақытгүл, Бақытжан Омарғалиқыздары мен ұстаздың төл шәкірттері де бар.

- Абай атындағы атаулы зертхана филиалының тұсауын Қанипа Омарғалиқызы өзі келіп кескеніне 15 жылдың жүзі болды. Аталған іс-шара «Үздік зертхана – 2023» атағын жеңіп алған зертхана жұмысының осы жылдардағы есеп беруі, тірек мектебі ретінде қара шаңырақтың жаңғыртылған заманауи кабинеттерімен таныстыру, білім ордасының жеткен жетістіктері мен педагог мамандар әлеуетін көрсету және ұлт мақтанышына айналған ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның ерен еңбегін насихаттап, үлгі-өнеге етуді қамтиды, - дейді әдіскер Жұлдыз Байсалбаева.

Қонақтарды мектеп ұстаздарынан құралған оркестр әсем әннің сүйемелдеуімен, қазақи дастарханмен ұлттық нақышта қарсы алды. Оқушылар қолымен дайындалған ерекше сыйлықтар табысталып, семинар «Ұстаздың дара жолы» театрландырылған қойылыммен ашылды. «Мәңгілік сағынышым Хан апа» атты ән шырқалып, Қанипа Омарғалиқызының сіңлілері жылы естеліктерімен, атқарылып жатқан іргелі жұмыстарымен бөлісті.

ШҚО білім басқармасының «Өркен» өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері А. Билялова құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына сөз кезегін берді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Картаева «Қанипа Бітібаева – қазақ әдебиетін оқытудың реформаторы», Қ.Бітібаеваның Республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшісі, PhD докторы Меруерт Мукашева «Қ.Бітібаеваның атаулы зертханасы – инновациялық технология алаңы», ұстаздың ғалым шәкірті, С.Аманжолов университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәкен Қасенов «Шығармашылық қабілетті дамытудағы Қанипа Бітібаеваның педагогикалық идеялары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Шараның екінші бөлімінде ұстаздың «Ой тастау, ойлау, ойланту» технологиясына негізделген шеберлік сыныптары, жасанды интеллект бойынша сабақтар өтті. Қ.Бітібаеваның қазақ әдебиетін оқытудағы инновациялық технологиясының тиімділігі мен жаңашылдығын насихаттауға бағытталған облыстық семинар жоғары деңгейде өтті. Облыстық іс-тәжірибе тарату, ұстаздарға, оқушыларға Қанипа Бітібаеваның ғылыми мұрасын ары қарай кең көлемде насихаттауға мүмкіндік берген семинарды өткізуге қолдау көрсеткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы С.Дауытбаева, әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.Рақымбаева, білім бөлімінің әдіскері Ж.Байсалбаева, сондай-ақ Абай атындағы орта мектебінің директоры Н.Акыбаева «Алғыс хатпен» марапатталды.

 Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу